Қарағандылық тарихы бар ойыншықтар жинаумен айналысады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әйнек, шыны, картон және пенопласт. Бұрын жаңа жылдық шыршаға арналған ойыншықтар осындай материалдардан жасалатын. Олар коллекция жинаушылар үшін өте құнды. Мәселен, Қарағанды облысында тұратын ұстаз Ирина Дорошенко ондаған жылдар бойы шырша әшекейлерін жинаумен айналысып жүр, деп жазады Хабар 24 .

 Информатика пәнінің мұғалімі Ирина Дорошенко шыршаның ойыншықтарын жинауға әуес. Арасында рарирет, сирек кездесетін бағалы әшекейлер де бар. Қыстырғышы бар ойыншықтар 50-жылдары әр шыршада ілулі тұрды. Кейін ауыл шаруашылығы мен тұрмыста қолданылатын зат түрінде шығарыла бастады. Көп ұзамай шыныдан жасалған көптеген жеміс-жидек мен көкөніс макеттер пайда бола бастады.

«Біз ойыншықтарға қарап, бағдаршамның не екенін, оның қандай болатынын білдік. Өйткені мен тұрған ауылда олар атымен жоқ еді. Сонымен қатар коллекциямда 50-жылдардан қалған ойыншықтар бар. Олар жеңіл пластмассадан жасалған, сынбайды, әлі қолданып жүрміз», - дейді  коллекция жинаушы Ирина Дорошенко.

70-жылдардың басында шыршалар самаурындар, шәйнектер мен шамдармен сәндендірілді. Содан кейін қызыл жұлдыз, ертегі кейіпкерлері  сәнге айналды. Жыл сайын мұндай ойыншықтарға сұраныс та артты. Бағасы да көтерілді. Ғаламторда осындай шыршаға арналған әшекейлер сатылатын сайттар бар. Бағалары 1500 теңгеден 40 мыңға дейін жетеді. Бағасынан бұрын сатып алушыларға олардың ерекше атмосфераға бөлейтіндігі, балалық шақты еске түсіретіндігімен құнды.

«Елде болған оқиғалар барлық салаға әсер етті. Өзгерістер, жаңалықтар мәдениетте, кино, тіпті ойыншық өндірісінде де өз көрінісін тапты. Мысалы, ғарышқа ойыншық-ғарышкерлер ұшырылды. Цирктің дәурені жүріп тұрғанда, сәйкесінше осы тақырыптағы бұйымдар шығарыла бастады. Негізі ойыншықтар белгілі бір заман, сол уақытта өмір сүрген адамдар туралы, бүтін бір ел туралы сыр шертеді», - дейді Теміртау қалалық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Лейла Аликеева. 

Расында осыдан кейін ескі ойыншықтарды пайдаға аспайды деп лақтырып тастап, орнына жаңасын алмас бұрын дұрыстап ойлану керек. Әрине, жылтыраған әшекейлер көздің жауын алатыны сөзсіз. Бірақ олардың арасынан сапалы әрі көңілден шығатынын таңдап алу қиынның қиыны.