Қарағандылық зағип жан «Пусть говорят» бағдарламасы арқылы өзін сәби кезінде тастап кеткен анасын тапты
«Аналарға арналған өлеңдер» тақырыбындағы «Пусть говорят» бағдарламасының кезекті саны Мәскеудің «Бірінші арнасынан» осы аптада көрсетілді.
Бүгін облыс әкімі Серік Ахметов Екатеринамен және оны Мәскеуге апарып келген құрбысы Меруерт Игенбердиевамен кездесті.
«Катя, сенің тағдырыңа қайран қалдым. Бұл бағдарламаны тапжылмай отырып көрдім. Бастан өткізген қиындықтарыңа қарамастан, сенің көрсеткен ерік-жігерің мені тәнті етті», - деді С.Ахметов.
Е. Федотова қазір 30 жаста. Ол хорда ән айтады, өлең жазады, жеңіл атлетикамен шұғылданады, республикалық жарыстардың жүлдегері.
Зағип жанның айтуынша, балалар үйіне тастап кеткен анасын іздеуге он жылын сарп еткен. «Мен Жасөспірімдер үйінде жүргенде-ақ оны іздей бастадым. «Жди меня» бағдарламасына хабарласуға тырыстым. Кейін «Пусть говорят» бағдарламасына қатысуға көмек қолын созған адамдар табылды. Менде ата-анамды тапсам деген мақсат болды. Арманым орындалды», - дейді зағип қыз.
Катяның анасы Ресейдің Чита қаласында тұрады екен. Әкесі жағынан туысқандары Астана қаласында тұратын болып шықты. «Мен оларды таптым, енді әрдайым байланыста боламыз. Қарағандыдан кеткім келмейді, қаламды жақсы көремін. Бұл жерде көмек қолын созған жандарды кездестірдім», - дейді ол.