Қарағандылық зейнеткер төрт жыл бойы үйінен шықпаған

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Ақтас кентінде жалғызбасты кейуана пәтерінен 4 жыл бойы далаға шықпаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2013 жылы зейнеткер Алефтина Шербакованы араласып жүрген  көршісі күтпек болып қамқоршылыққа алу құжатын рәсімдетіп алған. Осыдан кейін көршісі  жалғызбасты қарияның зейнетақысын алып отырған, әрі оны далаға шығармай сыртынан кілттеп кететін болған. Қарияның денесінің бір жақ бөлігі сал болып қалғандықтан қыбырлап үй ішінде әзер жүреді. Төрт жыл бойы өз үйінде қамауда болған қария өзіне көршісі тарапынан қысым жасалғанын айтады.

«Неге зейнетақымды үйге әкеліп бермейді деп барлығынан сұрап шықтым. Ешкім ештеңе білмейді, айтпайды. Ал мына алаяқтар менің ақшамды алып отырыпты. Кейін бір жолы келгенде зейнетақымды сұрап едім, ол маған қатты айғайлап, айтпаған сөзі қалмады. Сосын қатты қорқып қайтып сұрамайтын болдым. Ол маған мына жерге ішетін су қойып кетеді, сосын күнде суға піскен ботқа әкеліп береді», - дейді тыл ардагері Алефтина Шербакова.

Зейнеткердің айтуынша бұл баспанаға көршісі өзге көршілерін «менің пәтерім» деп жолатпай қойыпты. Тек осы жылдың қаңтар айында қарияның мүшкіл хәлін көріп жүрген көршілері шу шығарып, араша түскен.

2013 жылдан бері зейнеткердің үйіне әлеуметтік көмек көрсететін мамандар да бас сұқпаған.

«Көршісі көмектесетін болған соң бұл қария біздің көмекті алудан бас тартқан. Егер  қарияны біреу күтіп қарайтын болса, біздің мұнда келуге қақымыз жоқ. 25 жыл осы салада жүрмін мұндай үлкен кісіге қысым көрсеткен жағдайды бірінші рет көріп отырмын», - дейді Ақтас кентінің үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімінің маманы Людмила Луковец.

Бүгінде кейуанаға араша түскен өзге көршілер адвокаттың көмегі арқылы сотқа жүгінген. Жалғызбасты қария соттан пәтерді сыйға тарту бойынша жасалған құжаттың күшін жоюды және төрт жыл бойы қолына тимеген зейнетақыны көршісінің кері қайтаруын  талап етіп отыр.

Зейнеткердің сөзінше, көршісі 2013 жылдан 2018 жылдың қаңтарына дейін 2 млн 500 мың теңге зейнетақысын қалтасына басқан.

Бүгінде сот процессі жалғасуда.

Арайлым САТЫБАЛДЫҚЫЗЫ