Қарағандылық жас өнертапқыш экзоскелет ойлап тапты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Минскіде (Беларусь Республикасы) өтетін «ТМД үшін 100 идея» халықаралық көрмесіне Қазақстан атынан қарағандылық жас өнертапқыш Вячеслав Литвинов қатысатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ол Қарағанды Мемлекеттік медициналық университетінің 6-шы курсында оқиды. Интерн-хирург көрмеде тірек-қозғалыс аппараты бұзылған адамдарға арналған экзоскелетті ұсынады. Оның жобасы мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалтуға, портативті модельді өндіріске шығаруға бағытталған.

Қазақстан делегациясына серпінді және инновациялық идея ұсынған 10 адам кірді. Олар ҚР Дін істері және азаматтық қоғамы министрлігі және «Болашақ» қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырған «Жастар - Отанға» атты инновациялық идеялар мен жобалар фестивалінің қорытындысы бойынша іріктеліп алынды.