Қарағандылық жас теннисші халықаралық турнирде тағы «алтын» алды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандылық Алан Құрманғалиев Бельгияның Спа қаласында үстел теннисінен өткен WTT Youth Contender жасөспірімдер турнирінде жеңіске жетті. Ол 15 жасқа дейінгі жас санатында үздік атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ең жоғары марапат үшін күресте Алан жеті қарсыласын жеңді.

«Алан Құрманғалиев Антон Дерлюкті (Украина) 3:0, Рарес Куэсдинді (Румыния) 3:1, Рафаэль Кабрераны (Доминикан Республикасы) 3:0, Ли Чонмокты (Корея) 3:1, Рафаль Формеланы (Польша) 3:1, Натан Лам (Франция) 3:0, Флавиен Котонды (Франция) 3:1 ұтып, жеңіс тұғырына көтерілді», - деп хабарлады Қарағанды облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасынан.

Спортшыны Эльмира Әлиева жаттықтырады.

Еске сала кетейік, Аслан Құрманғалиев 10 ақпанда үстел теннисінен Қазақстан ұлттық командасына іріктеу турнирінің жеңімпазы атанды. Ал одан үш күн бұрын ол Тунистен оралды. Онда 2022 жылы WT Жастар сериясының алғашқы турнирі өтті. Алан аталған додадан «күміс» және «қола» олжалап қайтты.