Кездесу «JASTAR ALAŃY» коворкинг орталығында өтті. Аға буынның ерлігін кейінгі ұрпаққа үлгі ету, жастарды ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында өткізіліп жатқан «Ерлік сабағын» орталық директоры Бахтиар Бекмурзаев ашты.
1993-1999 жылдар аралығында еліміз Ішкі әскерінің жедел мақсаттағы бөлімінің 2 мыңнан астам жауынгері мен офицері тәжік-ауған шекарасында жауынгерлік міндеттерін орындады. Сарбаздар ТМД шекарасының оңтүстік шебін, Ауғанстанмен шектесетін ең ауыр және қиын учаскенің тыныштығын күзетті. Олардың басты мақсаты жалпы саяси жағдайдың тұрақтануына дейін тәжік-ауған шекарасындағы ахуалды ретке келтіру болды. Сонымен қатар, гуманитарлық көмек тауарларының және босқындардың қауіпсіз жетуін қадағалау, маңызды нысандарды қорғау еді. Ең жойқын қақтығыс 1995 жылы Памир тауларындағы Пшихавр шатқалында орын алды. Сол жерде содырлармен болған атыста 17 қазақстандық қаза тапты. Міне, осы боздақтарды еске алып, олардың рухына тағзым ету - жыл сайынғы үрдіске айналған игі шара.
Кездесу барысында жастар Нұрболат Аяғановқа қызықтырған сұрақтарын қойды. Өз кезегінде интернационалист-жауынгер келешек ұрпақты патриотизмге, Отан алдындағы борышты өтеуге шақырды.