Алғыс айтылған хат Ақмола облыстық ІІД ағымдағы жылдың 4 сәуірінде түскен.
Хатта жазылғандай, қарағандылық Виталий Сакович 30 наурызда Аршалы ауданы аумағында бірнеше көліктің соқтығысуымен орын алған ірі жол- көлік оиғасынан зардап шеккен болатын.
«Құрметті ІІД қызметкерлері. Ағымдағы жылдың 30 наурызында, яғни, өткен аптаның бейсенбісінде Астана қаласынан шыға берісте, Ижевск кентінің маңында ірі жол- көлік оқиғасына келген сіздердің қызметкерлеріңізге, нақтырақ айтқанда сержаттар құрамына зор алғыс және өзімнің шексіз құрметімді білдіргім келеді...
Мен сол күні үстіме жеңіл киім кигендіктен əрі соғылған микроавтобустан зардап шеккендерді сыртқа алып шығу кезінде үстім су болып, әбден жаурадым.
Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері мені жылынып алуым үшін патрульдік көлікке отырғызды. Сондай-ақ, сол кезде өшіп қалған телефонымды қуаттандырып, су берді. Ал, өздері ақ түтек боранда көлік қозғалысын реттеді...", деп көрсетілген хатта.
Алайда, Виталий Михайлович өзінің құтқарушыларының есімдерін сұрап та үлгермепті. Есінде қалғаны жол патрульдік полициясы көлігінің маркасы мен мемлекеттік нөмірі ғана.
"...Ұят болса да айтайын, мен сол қарбалыста құтқарушыларымның есімдерін де сұрап алмаппын. Тек, есімде қалғаны ақ түсті Тойота Камри 40 мемлекеттік нөмірі 0016 03...", - деп жазады Сакович.
Кейін жәрдем берген полицейлер сержант Тұрар Бимжанов пен сержант Егінбай Райымбек екені анықталады.
Жол патрульдік полициясы ротасының қызметкерлері сол күні əдеттегідей кезекшілікке шыққан болатын. Аталған жол-көлік оқиғасы туралы ақпарат түсіп, полицейлер көмекке барады.