Ақынның туған күні – 10 тамыз Қазақстанда мерекелік дата болып тағайындалды. Абай күніне орай Қарағандыда ұлы ойшылдың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Жеңіс Қасымбек, мәдениет майталмандары, ғалымдар және қоғам қайраткерлері қатысты.
«Абай күнін атап өту біз үшін өте маңызды. Себебі Абай – бүгінгі және болашақ күннің мақтанышы мен философиясы. Бұл табиғат, адам, оның психологиясы туралы жан-жақты білім. Осы ойлардың барлығы технологиялық прогресс пен цифрландыруға қарамастан ешқашан маңыздылығын жоғалтпайды. Ал адамның адамгершілігі – ең басты құндылық», – дейді Қарағанды облысы ҚХА мүшесі, Еврей мәдени орталығының төрағасы Вилен Молотов-Лучанский.
Абай ерекше дарын иесі, ақиық ақын, музыкант, ағартушы, қоғам қайраткері болды. Оның «Қара сөздері» қазақ әдебиетінің інжу-маржаны, тұңғиық терең ойдың көзі болып табылады.
«Бүгін – бүкіл қазақ халқы үшін ұлы мерекелердің бірі. Абай күні біз болашақты ойлаумен қатар, біздің іс-әрекеттерімізді, бүгінімізді түсінуіміз керек. Мен халқымызды Абай күнімен құттықтаймын. Абайдың даналығы бүгінгі және болашақ ұрпақтың әліппесіне айналғанын қалаймын», – деп атап өтті белгілі меценат Бекзат Алтынбеков.
Сонымен қатар облыста Абай күніне орай көрмелер, бейнесабақтар, дөңгелек үстелдер, байқаулар, ғылыми-танымдық конференциялар және де басқа шаралар өтуде. Карантин шектеулеріне байланысты іс-шаралардың басым бөлігі онлайн-форматқа көшірілген.
Қарағанды облысында ұлы ақынның үш ескерткіші және төрт бюсті орнатылған. Қала, аудан және екі ауылдық мекенге, үш проспектке, сексен көшеге, жеті оқу орнына, екі мәдениет үйіне Абай есімі берілген.