Қарағандылықтар бір шаңырақтың астында Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтуде

ҚАРАҒАНДЫ. Мамырдың 1-і. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Қарағандының орталық мәдениет және демалыс саябағында бүгін халық көп болды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бүгін мұнда Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған негізгі шаралар өтті. Саябақтың орталық алаңында көтерілген шаңырақ астында ұлттық-мәдени орталықтардың көрмесі орналасты. Оған ұлыстық қоғамдастықтардың, Қарағанды облысы Қазақстан халқы кіші Ассамблеясының өкілдері қатысты. Онда елімізді мекендейтін халықтардың ұлттық тағамдары қойылған. Саябақ сахнасында үлкен мерекелік бағдарлама өтті.Қарағандылықтарды облыс әкімі Нұрлан Нығматулин Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады. «Біз достықтың, топтасқандық пен жасампаздықтың бейнесі болып табылатын көктемнің жарқын мерекесін атап өтіп отырмыз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында біз тыныштықта және келісіммен өмір сүрудеміз, Қазақстанның барлық халықтары еркін дамып, өз тарихы мен мәдениетін зерделеуге толық мүмкіндік алды», - деді ол құттықтау сөзінде. Қарағандыдағы тағы бір ауқымды шара - облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің жүлдесі үшін жеңіл атлетикалық эстафета өткізілуі болды. Биыл 65-інші рет өткізіліп отырған бұл жарыстарға 4 мыңнан астам адам қатысты. Олардың арасында спортшылар, мектептер мен жоғары оқу орындарының оқушылары, кәсіпорындар мен ұйымдардың өкілдері, спорт ардагерлері бар. Эстафета Қазақстан халқының бірлігі күніне, Жеңіс күніне және Қарағандының 75 жылдығына арналып отыр.