Қарағандылықтар елордаға ашық аспан астындағы аллея мен символдық монументті сыйға тартты

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Астананың 20 жылдық мерейтойына орай Қарағанды облысы елордаға «Ұлытау» аллеясы мен «Қазақ еліне мың алғыс» монументін сыйға тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аспан астындағы аллеяның басында бой көтерген 14 метрлік қола мүсін композициясы - нәубет жылдары Қазақстанға жер аударылған әртүрлі ұлттарға пана болған қазақ халқының кең пейілінің символы.

«Аллея ашық аспан астындағы музей іспеттес салынып отыр. Онда Ұлытаудың басты көрікті жерлері өз бейнесін табады. Сый ретінде Ұлытаудың таңдалуы тегін емес, ол - Қарағанды облысындағы ең танымал тарихи әрі географиялық орын», - дейді Қарағанды облыстық құрылыс басқармасының басшысы Талхан Қалмаханов.

Аллеяның аты мен Мемлекет басшысының Ұлытау туралы дәйексөзі жадеит асыл тасына қашап жазылған. Жоба авторы - Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген сәулеткер Серік Рүстембеков.

«Аллея 98 пайызға дайын. Оның алаңы 1,2 гектар келеді. Аллея «Мәңгілік ел қақпасы» мен Түркістан көшелерінің ортасында орналасқан. Ұзындығы - 250 м, ені - 55 м. «Қазақ еліне мың алғыс» монументі аллеяның орталық алаңында, Түркістан көшесіне қараған бетте бой көтерген», - дейді Т. Қалмаханов.

«Қазақ еліне мың алғыс» монументі - 4 фигуралы, мүсінді композиция. Монументтің жалпы биіктігі 13,35 метрге жетеді. Ол қоладан соғылған. Тұғыры көркем граниттен жасалды. Авторлары: сәулеткер Самат Рүстембеков және мүсінші Ренат Әбенов.

Кешеннің құрылысы 30 маусым күні аяқталады. Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін ресми ашылу салтанаты 2 шілдеге белгіленген.