Қарағандылықтар қазақ тілін әлемдік деңгейге көтеруге шақырады

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандылық мәдениет және өнер қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, қоғам қайраткерлері «Қазақ тілін әлемдік деңгейге жеткізу керек» деген үндеу жариялады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. Тілдің өзгеріске ұшырауы тиімді болатынына мемлекеттік қызметкерлер, үкіметтік емес ұйымдар және бизнесмендер де сенеді.

«Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің отырысында тұрғындардың барлық деңгейімен - кішкентай топтардан үлкен ұжымдарға дейін кездесу ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстарын өткізу ұсынылды.

«Латын әліпбиін жаңа графиканың технологиясы ретінде емес, әлемдік байланыс кеңістігіне шығудың бірден-бір жолы деп қарастыру керек. Дүниежүзінің басым бөлігі латын әліпбиімен байланысты екенін біз жақсы білеміз. Көптеген тілдер осы форматта қалыптасқан. Қазақ тілінің де латын әліпбиіне көшуі - біздің әлемнің жетекші елдерінің қатарына енуге деген талпынысымызды біршама жеңілдетеді. Әлемдік қоғамдастыққа ену экономикалық және саяси тұрғыдан ғана болмауы керек. Лингвистикалық жағынан да сол деңгейге лайық болуға тиістіміз», - деді Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры Байжол Кәріпбаев.

Профессордың ойынша тілді меңгеру еш қиындық туғызбайды.

«Жастар жағы латын әліпбиіндегі қазақ тілін тез меңгеріп кетеді. Жастар түрлі брендтерден бастап, кино сюжеттеріне дейін латынша оқып дағдыланып қалған. Мемлекеттік тілдің латын әліпбиіне ауысуы бізге, әсіресе жастар жағына дүниетанымдық кеңістіктерін арттыруына мүмкіндік береді. Бұл өте маңызды», - деді профессор.

Қатысушылар Президенттің қоғамды дамыту бағдарламалық мақаласындағы: «Біз кез келген халықтың дамуы үшін ауадай қажет баға жетпес  рухани құндылықтарымызды ұмытпауға тиіспіз. Әлеуметтік-экономикалық дамудағы жоғары көрсеткіштерге жетуге талпына отырып, мәдениетімізді, қазақ халқының тілін, салт-дәстүрін де дамытуымыз керек» деген ойларының да маңыздылығын айтты. Олар латын әліпбиіне көшу - рухани жаңғырудың негізгі тетіктерінің бірі екенін атап өтті.