Қарағандылықтар МӘМС жүйесіне жарнаны емханадағы терминал арқылы төлейді

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының тұрғындары медициналық сақтандыру қорына жарнаны енді емханаларда орнатылған терминал арқылы төлей алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысының емханаларында әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуге болатын терминалдар орнатылды. Бұл төлем әдісін дербес төлеуші де пайдалана алады.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандықтардың еңбекақысынан медициналық сақтандыру қорына 1% аударылады. Халықтың 15 жеңілдікті санаты үшін (11 млн адамнан артық) қорға ай сайын мемлекет төлейді. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар (декларацияланбаған табысы бар, ЖК ресімдемей) бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлейді. Ресми жұмыссыз болып табылмайтын (жұмыспен қамту орталығында есепте тұрмайтын) және жеңілдікті санаттарға кірмейтін адамдар әр айдың басында өз бетінше медициналық сақтандыру үшін ЕТЖ-дан (ең төменгі жалақы) 5% мөлшерінде жарна төлеуі тиіс. 2020 жылы бұл сома 2125 теңгені құрайды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі азаматтың мәртебесі және медициналық қызметтердің кеңейтілген пакетіне қол жеткізу төлемдердің тұрақтылығына байланысты болады.

«Өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары Қарағанды, Жезқазған, Балқаш және облыстың басқа да елді мекендерінде орнатылған. Медициналық сақтандыру қорына жарналарды банк кассалары, Қазпошта, Халық банкінің терминалдары, Kaspi.kz мобильдік қосымшасы арқылы төлеуге болады», - деп түсіндірді медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалы бөлімінің бас сарапшысы Жанар Ракишева .