Қарағандылықтарға қазақстандық QazVac вакцинасы салына бастады

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – QazVac қазақстандық инактивтендірілген вакцинасының бірінші партиясы кеншілер шаһарына келіп түсті. Кеше №4 емханада 20 адам екпе алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

QazVac брендімен шығарылатын QazCovid-In отандық вакцинасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тізіліміне енгізілген.

Ол биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының базасында жасалған.

Вакцина коронавирустық инфекцияға қарсы тұрақты иммунитетті қалыптастырады.

Оның қауіпсіздігі мен басқа вакциналарға қарағанда артықшылығы дәлелденді. QazVac вакцинаассоциацияланған ауруларды тудырмайды.

«Біздің емханада вакцинация орталығы 15 сәуірде ашылды. 2 мың адам егілді. Кең ауқымды ақпарат беру жұмыстарының арқасында адамдар вакцинацияға саналы түрде келеді. Барлығы тегін және ерікті түрде өтеді. Бүгін біздің емхана отандық вакцинаның 160 дозасын алды. Бұған дейін «Спутник V» егілді. Екі вакцинаның жеткілікті қоры бар медициналық мекемелерде адамдар таңдау мүмкіндігіне ие», - деп түсіндірді №4 емхана директорының медициналық қызметтер сапасын бақылау жөніндегі орынбасары Татьяна Мұстафина.

QazVac вакцинасы күрделі тоңазытқыш қондырғыларды қажет етпейді. Құтылар тоңазытқышта 8 градусқа дейінгі температурада тасымалданады.

Ресейлік вакцинадан айырмашылығы, бір флакон бір адамға арналған. QazVac – екі фазалы вакцина. 21 күннен кейін вакцинацияланған адам екінші компонентті алады.

Қарсы көрсеткіштер өзгеріссіз қалады: 18 жасқа дейін, жүктілік, емізу, өткір жағдайлар, созылмалы аурулардың өршуі. Температураның жоғарылауы, бұлшықет ауыруы, әлсіздік сияқты реакциялар болуы мүмкін.

QazVac препаратымен иммундау алдында стандартты емшара өтеді.

Адам сауалнаманы толтырады, алдын-ала медициналық тексеруден өтеді, вакцинация алады және вакцинациядан кейінгі бөлмеге барады.

«Қауіпті дертпен ауырып қаламас үшін денсаулығымды қазақстандық QazVac вакцинасына сеніп тапсыруды шештім. Біздің дәрігерлерге толық сенемін. Олар маған бәрін дұрыс түсіндірді, күтілетін реакциялар қандай болуы мүмкін екенін айтты. Біраз уақыттан кейін жұбайым вакцинацияға келеді», - дейді зейнеткер Олжабай Сүлейменов.

«Қазақстандық және ресейлік вакциналардың арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Мен флюорографияға бардым, вакциналауға болатынын білдім. Вакцина алдым. Мен барлық жұртқа вакцинациядан өтуге кеңес беремін. Көптеген адамдар вакцинацияға келеді деп үміттенемін, сол кезде біз қарапайым өмірге тезірек ораламыз», – деп зейнеткер Александр Бейкер өз таңдауын түсіндірді.

QazVac вакцинасының алғашқы 50 мың дозасы «СК-Фармация» хабтары бойынша таратылып, содан кейін еліміздің барлық өңірлерінің денсаулық сақтау басқармаларының қоймасына жеткізілді.

Мамыр айында 50 мың доза көлемінде кезекті партия шығару жоспарлануда. Әрі қарай вакцина өндірісі біртіндеп айына 500-600 мың дозаға дейін артады.