НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан премьер-лигасында өнер көрсететін Қарағандының «Шахтер» командасына жаңа бас бапкер тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Шахтер» футбол клубының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, команданы қазақстандық маман Вахид Масудов жаттықтыратын болды.
Вахид Юнусовичтің бапкерлік тәжірибесі мол, соның ішінде «Шахтер» командасында (2000, 2005, 2006) тер төкті.
Сондай-ақ «Тараз», «Атырау», «Ақжайық», «Қайрат», «Восток», «Ордабасы», «Локомотив», «Ақтөбе», «Мақтаарал» және Қазақстан ұлттық құрамасын жаттықтырды. Сондай-ақ Қазақстан жастар құрамасының да тізгінін ұстады.
Қазіргі кезде «Шахтер» командасы 17 ұпаймен турнир кестесінде 9-орында келеді. Келесі турда қарағандылықтар 2 шілде күні өз алаңында «Ақтөбені» қабылдайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайық» пен «Ақтөбе» футбол клубтарының директорлары қызметінен кеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).