«Қарағандының тілі қазақша кәлимаға келмей тұр» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 24 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 24 тамыз, жұма күні шыққан өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

  ** *

«Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында Елбасының Алматыға сапары жайында жазады. Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысына жасаған жұмыс сапары аясында Hyundai Auto Trans автокөлік құрастыру кәсіпорнында болып, отан­дық автокөлік құрас­ты­ру­ды қолға алған концерннің аяқалысымен танысты. Қырғыз еліне жасаған ресми сапарынан кейін Президент Нұр­сұлтан Назарбаев мінген ұшақ Алматы халықаралық әуе­жайына келіп қонды. Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев бастаған, құрамында Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов бар ресми топ Президентті әуежайдан күтіп алды. Елба­сы­ның Жетісу жеріне жасаған жұ­мыс сапары Алматы облысы Тал­ғар ауданында орналасқан жүк автомобильдері мен Hyun­dai автобустарын құрастыратын жаңа зауыттың жұмысымен та­нысудан басталды.
Келешекте ауыл шаруашы­лы­ғына қажетті машиналарды да құрастыруды көздеп отырған жаңа зауыттың жобасы Қазақ­стан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылдың сәуір айында Оң­түстік Кореяға ресми сапары кезінде қол жеткізілген келіссөздің арқасында белгілі болған еді. Сол уақытта «Астана Моторс» Қазақ Мотор Компаниясы жүк автомобильдері мен Hyundai ав­то­бустарын ірі тораптық құрас­тыру бойынша Hyundai Motor Co.-мен өзара түсіністік және әріптестік туралы меморандумға қол қойған. Мақала  «Отандық автокөлік өнеркәсібіндегі кезекті белес» деген тақырыппен берілген.

***

«Алаш айнасы» газетінің жазуынша, алда-жалда Қарағандыға келсеңіз, діңгіршектерден ана тіліміздегі газет-журналдарды іздеп әуре боламай-ақ қойыңыз. Текке табаныңыздан таусыласыз. Өйткені Қарағандыда қазақ тіліндегі газет-журналдарды сататындар саусақпен санарлық қана. Себебі жұрт қазақша оқымайды. Бар болса да, ат төбеліндей ғана. Қарағандыда тек бір ғана қазақша басылым бар. Ол - облыстық басылым. Болды. Ана тілімізде ең құрығанда қалалық бір газеті де жоқ. Атап айтқанда өндірісті өлкедегі қазақ басылымы мәселесіне арналған мақала «Қарағандының тілі қазақша кәлимаға келмей тұр» атты тақырыбымен шықты.

 

Осы басылымда жас әнші Игорь Благодарныймен арадағы сұхбат «Ресейлік әншілерді тым асыра бағалап, өзімізді өзіміз кемсітіп жатамыз» деген тақырыппен берілген. Сұхбат барысында өнерпаз: «Менің сүйікті композиторларымның бірі - Шәмші Қалдаяқов. Осыдан біраз уақыт бұрын біртуар композитор Шәмшінің құрметіне ұйымдастырылған концертте бір әнін симфониялық оркестрмен орындап шықтым. Жуырда Қытайға барып, бұл күнде арамызда жоқ белгілі әнші әрі сазгер Ермұрат Зейіпханның «Жайлауым» әніне клип түсіріп қайттым. Алла жазса, жуырда тыңдармандарыма ұсынбақпын»,- дейді.

***

«Айқын» газетінің бүгінгі санында «Ең бай жазушылар анықталды» деген тақырыппен ақпарат жарық көрді. «Forbes» журналы әлемді аузына қаратумен қатар, қалам арқылы қыруар қаражат тауып жүрген жазушыларды анықтады. Сарапшылардың деректеріне қарағанда, әдебиет әлемінде ең көп ақша табатын қаламгер ретінде триллер авторы Джеймс Паттерсонның есімі аталды. Ол осымен үшінші жыл жызушылар арасындағы көштің алдын бермей келеді. Д. Паттерсон 2011 жылдың мамыр айы мен 2012 жылдың мамырына дейін 94 миллион доллар тапқан. Осы уақытта қолынан қаламы түспейтін автор 14 кітап жазыпты.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысу үшін,  Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасын жүзеге асыру жолдарын талқылау тұрғысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед Семейдің қоғамдастығымен кездесті. Сонымен қатар ол Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайында болды. Бұдан бөлек Мемлекеттік хатшы осы сапары аясында басқа да бірқатар нысандарда болып қайтты. Бұл материал «Встречи на земле Абая» тақырыбымен берілген.