Қарақат Әбден бала асырап алудағы жасанды кедергілер туралы айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасыларда тәрбиелеу ісіне баса назар аудару керек. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көп жағдайда балалар үйінің жетекшілері балаларды асырап алғысы келетіндерге немесе патронаттық отбасыларға беруге ниет білдірмейді. Бас прокуратура мен Бала асырап алу жөніндегі агенттік жағынан жүргізілген тексерістің нәтижесінде, тіпті бала асырап алуға қарсы жасанды кедергілерді ойлап тапқан жетекшілер де анықталды. Өйткені әр балаға мемлекеттен ақша бөлініп отырады және ол аз ақша емес. Мысалы, балалар үйіндегі бір бүлдіршін үшін мемлекеттен айына 600 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін қаражат беріледі. Осы қаражатты бала асырап алғысы келетін отбасыларды қолдауға бағыттасақ, бала үшін бұл әлдеқайда пайдалы болары анық», - деді Қ. Әбден Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің атына жолдаған сауалында.

Депутат қазіргі кезде жетімдер үйінің саны азайып келе жатқанын, балалар үйінде 4916 жеткіншек бар екенін айтты.

«Өкілетті органдар кәсіби немесе фостерлік отбасыларды құру жобасын қолға алған. Бұл жоба да еліміздегі балалар үйінің санын азайтуға бағытталғаны белгілі. Осы орайда пилоттық форматта іске қосылған бұл жобаның қазіргі жағдайы қандай?

Ал балалар үйіне тоқталсақ, олардың жұмыс бағытын өзгерту керек деп санаймын. Әрине, жетімдерге пана болған балалар үйін мүлдем жауып тастау дұрыс емес. Себебі, ауыр дертке шалдыққан балалар бар, олар көп жағдайда балалар үйінде қалып жатады. Демек, балалар үйінің жұмыс жүйесін осындай бүлдіршіндерге көмек көрсететін сауықтыру орталығы ретінде қайта қарастырған жөн. Сондай-ақ асырап алған балаларды жетімдер үйіне кері қайтаратын жағдайлар да бар, бұл көрсеткіш шамамен 18 пайызды құрайды. Бұл жағдайды да ерекше бақылауға алу керек», - деді депутат.

Оның пайымынша, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасыларда тәрбиелеу ісіне баса назар аударып, оларды асырап алу бойынша жаңа тетіктерді қарастыруды және фостерлік отбасы жобасы толыққанды іске қосылғанша, жетім балаларға тиісті жағдайдың жасалуына ықпал етуді сұрады.