Депутаттың айтуынша, жауыр болған жол және интернет мәселесі Қарағанды облысы Нұра ауданындағы Жанбөбек ауылын айналып өтпеген.
«Шыны керек, ауылға әрең жеттік, жол жоқ. 455 адам тұратын ауылдан ауданға дейін – 295 шақырым, ал облысқа дейін – 535 шақырым. Күре жолдан шалғай жатқан ауылдан жаздыгүні әрең қатынайтын тұрғындар, қыста тіпті қамалатыны анық. Жаңа технология, қолжетімді электронды қызмет көрсету – ауыл тұрғындары үшін таңсық ұғымдар», - дейді Қ. Әбден.
Сонымен қатар, депутат аталған ауыл интернеттен де тыс қалғанынын атап өтіп, жол тауқыметінен бөлек, ұялы байланыстың жоқтығы да тұрғындарды әуре-сарсаңға салатынына назар аударды.
«Әкімнің айтуынша, бұған қаражат бөлінбеген. Көрші жатқан ауыл Талдысайдан интернет желісін тартып, ең болмағанда үйде қолдануға болатындай жағдай жасауға болады. Алдағы уақытта бұл сұрақты тиісті органдармен бірлесіп, шамам жеткенше шешіп беруге уәде бердім», - деді депутат.
Халықтың тұрмыс-тіршілігімен етене танысқан депутат халықты жарық мәселесі де алаңдататып отырғанын айтты.
«Ауылдағы жарық бағаналары құлайын деп тұр, сымдар да ескірген. Әкімдік пен тиісті жауапты органдар бұл мәселені жіті бақылауға алып, тез арада шешімін табуы керек деп санаймын», - деді ол.
Сапар барысында депутат Қарағанды облысы Нұра ауданындағы Құланөтпес ауылының тұрғындарымен кездесті. Бұл ауылдың тұрғындары таяуда өздерінің талап-тілектерін айтып, депутатқа хат жолдаған. Аудан орталығынан 220 км, облыстан 525 км шалғай жатқан бұл ауылда 355 адам тұрады.
«Халықты толғандырған негізгі мәселе – таза ауыз су, сапалы жол, қолжетімді байланыс. Әсіресе, су мәселесін басты назарға алдым. Себебі, бұған бюджеттен қыруар қаржы бөлінген. «Life Story Invest» ЖШС мердігерлік ұйымымен, «Казахстанские технологии» ЖШС қосалқы мердігерлік ұйымымен шарт жасалды. Тендерге қатысуға келгенде білек сыбана кіріскен мердігерлер іске келгенде баяу қимылдап, халықтың ашуына тиіп отыр. Мәселенің анық-қанығын өз көзіммен көру үшін мердігерлермен кездестім. Кездесуге аудан әкімі, жергілікті мәслихат депутаттары да қатысты. Әңгіме барысында екі тараптың айтқаны бір-біріне сәйкес келмеген соң, қазба жұмыстары болып жатқан жер учаскесіне арнайы бардым», - деді депутат.
Қарақат Әбден атап өткендей, мердігер мерзімінен кешігіп жатыр. Маусым айынан бері 15 шақырым жердің тек 500 метр бөлігі ғана қазылған. Далада тек 1 техника ғана жұмыс істеп тұр. Жаздың бел ортасы болды, бұл қарқынмен қар түскенге дейін үлгермеуі де мүмкін. Дабыл қаққан халықтың да, мәслихат депутатының да шағымы әбден орынды. Депутаттың айтуынша, осындай күрделі мәселелерді аудан әкімдерінен бөлек, облыс әкімдері мен олардың орынбасарлары қадағалауға тиіс. Шалғай ауылдарға облыс әкімдерінің орынбасарлары бара бермейтіні анық. Осы аталған сұрақтарды депутат бақылауына алып, жіті қадағайлайтынын жеткізді.
«Ауылдардың жағдайы мәз емес. Тұрғындарды тындасаң, жылағың келеді. Қарапайым халық шыдамды ғой. Қуантатыны – ауылдықтардың партиямызға сенімі зор. Шалғай орналасқан ауылдарға барып, жағдайымен таныстым. Осы уақытқа дейін Мәжіліс депутаты тұрмақ, аудан әкімін көрмеген шалғай ауылдар бар», - деп жеткізді Қарақат Абден.