Қарақат Әбілдина «Әзірет Сұлтан» мешітінде туған күнін атап өтті
Төл мерекесімен бірге қазақтың «құрсақ шашу» дәстүрін жаңғыртпақ болған әртіс Құдай үйінде хормен ән салып, халықтың наразылығын тудырды.
КТК телеарнасының хабарлауынша , Әбілдинаны құттықтауға отызға жуық құрбысы келген. Мешіттің асханасында өткен той-думанның фото және видеолары әншінің Instagram-дағы парақшасында жарияланды. Әлеуметтік желі пайдаланушылары мұсылман әдебіне жат амалға жол берген мешіт имамдарын айыптаса, енді бірі Қарақаттың шектен шыққан әрекетін сынға алды.
Дінтанушылар да көпшіліктің пікірімен келісіп отыр.
«Қарақат ханым «құрсақ шашу» дәстүрін жаңғыртамын деп рұқсат алған болатын. Ол жерде біздің ұстазымыз уағыз айтты. Бірақ соңғы жағы Қарақаттың әндеріне ұласты. Алайда біз оған рұқсат бергеніміз жоқ», - деп мәлім етті «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб-имамы Қуат Мінуаров.
Ал әншінің өзі ниеті түзу болғанын, керісінше, қазақтың қыздарына үлгі болғысы келгенін айтуда.
«Аяғым ауыр болған соң ба, білмеймін, жүрегім бір тазалықты қалады. Туған күнімді таза жерде мешіттің мейрамxанасында өткізуге аңсарым ауды. Ішімдегі періштем тазалықты сезінсін, құранның әуезіне балқысын деген әппақ ниет еді. Тек қана қыздар бас қосып, төгілтіп орамалдарын тағып келсе, елдің алдында жүрген арулар ақ жаулықтарымен отырса қазақтың қанша қыздарына үлгі де болады ғой деп ойладық», - деді Әбілдина.
Мешіт астындағы мейрамханада құдайы ас беруге, ораза кезінде ауыз аштыру, түрлі той-домалақтар өткізуге рұқсат бар. Ас мәзірі екі мың теңге мен алты мың теңге аралығында. Басты талап іс-шаралар шариғат шеңберінен аспауы керек. Яғни дастарханға ішімдік қойылмауы тиіс, эстраданың сүйемелдеуімен ән айтылмауы керек.
"Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар" деп жатамыз. Менің ойымша дәстүрдің тозығы жоқ. Қазақтығымыз жоғалып бара жатқан заманда атадан қалған дәстүрді жаңғырту бізге парыз. "Құрсақ шашу"-дың аты айтып тұрғандай келінінің бойына бала біткенін байқаған енесі барын шашып той жасайтын болған.. Енем марқұм тірі болса салт-дәстүрдің неше түрін жасайтын еді.. Амал не..?! Томи құрбым "енеңнің орнын баса алмасам да ата дәстүрдің бір көрінісін көрсетейін" деп ниеттеніп келді... Келген қыз-келіншек те, бала-шаға да ойыншыққа, сыйлыққа қарық болып мәз-мәйрам болып қайтты.. Әлеуметтік желіден қарап отырған әлеумет те ырзалығын білдіріп жатыр..Асыл құрбымның осындай пейіліне Алла разы болсын!. "Жеген ас түске жетпес, ықылас естен кетпес" демекші мұндай адалдықды, жомарттықты қалай ұмытарсың..?! Барлықтарыңызға "құрсақ шашу" жұғысты болсын! #Үміткөктемі# @tamara_assar_official 😘💐
Публикация от Karakat (@karakat_a) Апр 7 2017 в 6:22 PDT