Қаракөлде қырылған аққулар саны төрт жүзден асып жығылды

Фото: Фото: Маңғыстау облыстық Экология департаменті

Маңғыстау облысындағы Қаракөлде қырылған аққулардың саны 400-ден асты. Бұл туралы өңірлік орман щаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Ғаббас Досатов мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform. 

Аққулардың қырылуының себебі ретінде құс тумауы екені бұған дейін белгілі болды. Алайда 21 желтоқсаннан бері құс төресінің қырылуы толастар емес.

«Қазіргі уақытта аққулардың қырылуына қатысты тиісті жұмыстар жалғасып жатыр. Біздің инспекторлар олардың нақты санын анықтады. Желтоқсан айынан бері қырылған аққу саны 412-ге жетіп отыр. Ал оларды жою, вакцинациялау секілді жұмыстармен айналысу біздің құзыретімізге кірмейді», - деді басқарма басшысы Ғаббас Досатов.

Ал Маңғыстау облысы Ветеринария басқармасының басшысы Бердібек Марқабаев Қаракөлдегі құстардың қырылуын қоректің жетіспеуімен түсіндірді. Оның сөзінде, облыс бойынша 2023 жылдың күз мезгілінен бері бес мыңнан астам құс вакцинациядан өткен.

«Мұнайлы, Түпқараған, Қарақия ауданы мен Ақтау қаласы аумағын мекендейтін құстар легі вакцинацияланғаны белгілі. Олай дейтініміз, бұл теңізге жақын орналасқан аймақ саналады. Облыста аққулардың қырылуының бірнеше себебі бар. Жаппай қырылуын құстардың иммунитетінің әлсіздігі мен қоректік заттарды толық таба алмауымен байланыстырып отырмыз», - деді Бердібек Марқабаев.

Айта кететін жайт, Маңғыстау облысындағы Каракөл аумағында су сынамаларын тексеру кезінде шектен тыс концентрациясынан аспағанын анықтады. Бұл орайда Экология департаменті көлдің суы құстар үшін қауіпті емес екенін мәлімдеген болатын.

Сондай-ақ Маңғыстау облысында ерекше қорғаудағы Қаракөл көлінің жағасынан аққулардың өлексесі табылған соң тиісті сараптама жұмыстары жасалды. Қазіргі уақытта құстарды жою жұмыстары ветеринариялық заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырылып жатыр.