Қарақшылық шабуыл және тонаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

АСТАНА. 8 қараша. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Қарақшылық шабуыл және тонаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды. Бұл туралы бүгін дәстүрлі апталық брифингте ІІМ Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті.

«Арнайы операцияны өткізу барысында Алматыда 23-27 жас аралығындағы ШҚО-ның 6 тұрғынынан құралған қылмыстық топ құрықталды. Полиция қызметкерлерінің мәліметіне қарағанда, бұл топтың қарақшылық шабуылдар мен тонау секілді қылмыстар жасуға маманданғаны анықталып отыр»,-деді Қ. Жұманов. Атап айтқанда, биылғы мамырда олар бетперде киіп, валюта айырбастау пункттерінің біріне қарумен кіріп, 8 миллион теңгені алып кеткен. Мұнымен қоса, қыркүйекте күдіктілер банктен ірі көлемде ақша алып жатқан 60 жастағы жергілікті тұрғынды аңдып, күш қолдану арқылы одан 700 мың теңгені тартып алған. «Ұсталғандар осыған ұқсас 7 қылмыс жасағандарын мойындады. Қазіргі уақытта олар уақытша ұстау изоляторына қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде»,-деді Қ. Жұманов.