Қарақұртқа байланысты Торайғыр көлінің солтүстігінде шатыр құруға рұқсат берілмейді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Баянауыл ұлттық паркінде қарақұрттың шығуы биыл да тіркеліп отыр. Парк қызметкерлері оларды жою жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Жуықта Баянауыл ұлттық паркі ғылым және мониторинг бөлімі мен Жасыбай бөлімшесінің мемлекеттік инспекторлары бірлесе отырып, 6-шы орамдағы Торайғыр көлінің тасты жағажайында қарақұрттарды көзін жою іс-шараларын жүргізген.
— Іс-шара барысында 93 қарақұрт табылып, жойылды. Оның ішінде 26-сы аталық, өзгесі аналық. Қарақұрттар әзірше жұмыртқа салмағаны байқалады. Ал таралу аумағы кеңеймеген. Бұрын қауіпті жәндіктер анықталған 30 гектар жерді ғана мекендейтіні тіркелді. Қазір ауданда жаңбыр жауып тұр. Күн ысыған соң өзге де аумақтарды, соның ішінде «Сәкен жарының» маңайындағы тасты жерлерін сүзіп шығамыз, — дейді ұлттық парктің ғылыми қызметкері Мұрат Жасұлан.
Парк өкілдері Торайғыр көлінің солтүстік жағалауындағы тасты жерлерге туристік шатыр құруға болмайтынын ескертіп отыр. Жәндіктердің таралуына жол бермеу мақсатында тұрғындар мен демалушылар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Қарақұрт — улы өрмекші тәрізділер тұқымдасына жатады. Көздері күндіз-түні бірдей көреді. Ұрғашы қарақұрт ұясын жерге салып, айналасына тор тоқып, жәндіктермен қоректенеді.
Еске сала кетейік, Баянауылда биыл тағы қарақұрт шығып жатқаны туралы бұған дейін де жазғанбыз.