Қаралы күнге орай спорттық шаралар кейінге қалдырылды

АСТАНА. 5 мамыр. ҚазАқпарат - Қаралы күнге орай, бүгін Талдықорғанда өтіп жатқан ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты бір күнге тоқтатылды.

«Аламан» спорт агенттігінің мәліметінше, біріншілік ертең жалғасын табады. Естеріңізге сала кетейік, 5 маусым күні Талдықорғандағы біріншілік барысында олимпиадаға қатысатын 8 спортшының есімі белгілі болуы тиіс еді. Бұл шешуші сын енді 6 маусым күні өтеді.

Бұған қоса, бүгін еліміздің түпкір-түпкірінде өтуі тиіс спорттық шаралардың барлығы кейінге қалдырылды.

Мемлекеттік телеарналарда көңілашар бағдарламалар мен жарнамалар 6 маусымға дейін көрсетілмейді.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Өкімімен шекарашылардың қазаға ұшырауына байланысты бүгін Қазақстан Республикасында ұлттық аза тұту жарияланды.