Карантин: Ақтауда караоке-клуб қонақтары полицейлермен жанжалдасты

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтауда індеттің алдын алу мақсатында Бас санитарлық дәрігердің Қаулысына сәйкес әкімдік қызметкерлері және жергілікті полиция өкілімен бірлескен топ қаладағы бірнеше нысанға кезекті мониторинг жұмыстарын жүргізді. ҚазАқпарат бұл туралы Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Сейсенбі күні өткен мониторинг барысында қаладағы 5-шағынауданда орналасқан «R12» дәмханасының (караоке) жұмыс істеп тұрғаны анықталды.

Полицейлер мен мониторингілік топ өкілдері карантин талаптарын сақтамаған нысанға кіріп, қонақтарды таратуға тырысқан. Алайда караоке-клубқа келушілер полицейлермен жанжалдасып, тәртіпке бағынбаудың жолын іздеді.


Маңғыстау облысының Бас санитар дәрігерінің 2020 жылдың 21 қазан күнгі Қаулысына сәйкес кафелер мен мейрамханаларға сағат 22.00-ге дейін ғана қызмет етуге рұқсат берілген. Осыған байланысты карантин талаптарын сақтамаған нысан иелерінен түсініктеме алынып, әкімшілік хаттама толтырылды.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтауда түнгі клуб иесі танымал рэпердің концертін жасырын өткізбек болғанын жазған едік.