Карантин: Атырауда 100-ге жуық адам жиналған басқосу тарқатылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраудағы мейрамханада 100-ге жуық адам жиналған іс-шара тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 10 ақпанда Атырау қалалық полиция басқармасы мен қала әкімдігінің қызметкерлерінен құралған мониторинг тобы «Сұлтан Холл» мейрамханасында 100-ге жуық адамның жиналғанын анықтаған.

«Мейрамханаға жиналғандар карантин режимін бұзып, сағат 16:30 шамасында басқосу өткізген. Бұл мейрамхананың бұған дейін де карантин режимін бұзғаны анықталған еді. Аталған дерекке қатысты жинақталған іс-құжаттар Атырау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жолданды» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Еске кетелік, бұған дейін Атырауда карантин шаралары күшейтілгенін жазған болатынбыз.