Карантин аумағындағы волонтер: Ел тағдырынан өзімді бөліп қарай алмаймын

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы емхана ретінде жасақталған «Рамада» қонақ үйінде волонтер болғаан Сейілхан Мұсаев қауіпті болса да маңызды шешімге қалай бекінгенін айтты, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жас волонтер ел тағдырынан өз тағдырын бөліп қарамайтынын жеткізді.

«Біз тәулік бойы жұмыс істейміз. Себебі медициналық персонал жетіспейді. Волонтерлерді жинап жатқанын дәрігер қызметіндегі ағамнан естідім. Алайда ағам мені ала қоймайтынын, медициналық білімі бар азаматтар қосыла алатынын жеткізді. Көп ойланған жоқпын: тапқан телефон нөміріне хабарласып, көпке көмектескім келетінін айтып, әйтеуір түсіндіргендей болдым. Қиындық бүкіл елдің басына түскеннен кейін осындай шешім қабылдап отырмын. Ел тағдырынан өзімді бөліп қарай алмаймын. Медициналық ұйымдарда жұмыс істеу тәжірибем барын дәлелдегеннен кейін волонтерлік қызметімді жалғастырып кеттім», - дейді Сейілхан Мұсаев «Карантин аумағы. Волонтерлар» атты шағым фильмде.

Сейілханның анасы Жанар Баянова кенже ұлының шешіміне әу баста қарсы болған екен.

««Ұлым мен қазір өсіп-жетілген адаммын. Елге көмектесуім керек» деді. Ұлымның шешімін сыйлаймын. Бәлкім мүмкіндік болса мен де волонтер болар ма едім», - дейді ол.

Коронавирус жұқтырған азаматтармен байланыста болғандарды қабылдап, оқшаулайтын емхана сипатында жасақталған «Рамада» қонақ үйінде қазір 300-ге тарта адам жатыр. Медициналық қызметкерлерге волонтерлер тәулік бойы көмектеседі.

Еске сала кетсек, бүгін ҚР Президенті Телерадиокешені «Карантин аумағы. Волонтерлер» атты шағын фильмді жариялаған болатын. Шағын фильмде коронавирус жұқтырған азаматтармен байланыста болғандарды қабылдап, оқшаулайтын емхана сипатында жасақталған «Рамада» қонақ үйіндегі эксклюзивті кадрлар бейнеленген.

Медициналық қызметкерлермен бірге жүздеген волонтер тәулік бойы оқшауланған азаматтарды бақылап, оларға қызмет көрсетіп келеді. Волонтерлер емханада жабық режимде өмір сүреді. Қонақ үй аумағынан тек медициналық қызметкерлермен бірге кете алады.