14 наурыз түнгі сағат 02.00-де белгіленген жұмыс режимін бұзған елордалық барлардың бірінде бір уақытта 300-ге жуық адам сауық құрды.
Елорданың сол жағалауында орналасқан «Bla Bla Bar» карантиндік шектеулерге қарамастан, түн ортасынан кейін де жұмыс істеді.
Оқиға орнына келген мониторинг тобы мекемеде 300-ге жуық адамның болғанын анықтады. Келушілер әлеуметтік қашықтық пен маска режимін сақтамады.
Материал ҚР ӘҚБтК 425-бабына сәйкес әкімшілік шара қабылдау үшін Есіл ауданының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жіберілді.
Сондай-ақ, Есіл ауданында жұмыс режимін бұзған «Zima» барының басшылығы да жауапқа тартылды.
Алматы ауданында өткен тәулікте мониторингтік топ карантиндік шектеулерді бұзған 3 мекемені - «Достар» компьютерлік клубын, «Мэнсон» және «Жаным сол» караоке-клубтарын анықтады.
Сарыарқа ауданында «Тамшы» саунасы елорданың бас санитарлық дәрігерінің шектеу шаралары туралы қаулысын бұза отырып, 00:00-ден кейін жұмысын жалғастырды.
Карантинді сақтамағаны үшін «Қазығұрт» кафесі де, Байқоңыр ауданындағы «Mezzo караоке» залы да жауапкершілікке тартылды.
Естеріңізге сала кетейік, 10 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан эпидемиологиялық жағдай бойынша «қызыл аймаққа» енді.
Мониторинг топтарының жұмысы күшейтілген.