Карантин: Елордада караоке-бар басшылығының үстінен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада сот орындаушылары есікке ілген мөрді бірнеше рет алып тастап, қызметін жалғастырған «Tequila» караоке-барының басшылығы қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2021 жылдың 26 қаңтары мен 11 ақпанында сот орындаушылары «Tequila» караоке бары мен «ZOLOTO» мейрамханасының қызметін 1 ай мерзімге тоқтату туралы сот қаулыларын орындау мақсатында мекемелердің сыртқы кіру есіктерін мөрлеген.

Сот орындаушысының объектінің қызметін тоқтату туралы актісі берілгеніне қарамастан, «Doganstroy» ЖШС сот шешіміне мойынсұнбай «Tequila» караоке барының есігін өздігімен ашып, қызметін жалғастырған. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына шұғыл хабарлама түскен.

«2021 жылдың 15 ақпанында сот орындаушысы обьектіні қайтадан мөрледі.

Сот шешімін орындамағаны үшін кәсіпкерлік субъектісін ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы Нұр-Сұлтан қаласының Әділет департаментіне хат жолданды.

Алайда, 2021 жылғы 18 ақпанда «Tequila» караоке барының кіру есіктерінің қайта ашылғаны анықталды. Ал бұл өз кезегінде сот шешімінің қасақана орындалмауын білдіреді. Сондай-ақ сот шешімін өрескел бұзғаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 430-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкеліп соғады. Осы баптың санкциясына сәйкес 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазсы көзделген», - деді Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссиядан.