«Қазір адамдарды ашу-ыза буып тұр. Бұл жағдай отбасындағы жанжалды, ұрыс-керісті туындатады. Ақыры үйдегілердің бірінің (көбіне ер адамдар) ішкілікке берілуі де көбеюде. Мұның соңы отбасылық зорлық-зомбылыққа апарады», - дейді Анна Құдиярова.
Психоаналитик елдегі әртүрлі жағдай, оның ішінде экономикалық сипаттағы ахуал да осындай ұрыс-керісті туындататынын айтады.
«Эмоциялық немесе экономикалық тұрғыда қазір жағдай мәз емес. Әйтсе де, дәл осы кезеңде адамдар бір-біріне түсіністікпен қарап, сабырлы болуы керек. Әлбетте, шектеулі кеңістікте қамалып қалу оңай емес. Мұндай күрделі кезеңде ерлі-зайыптылардың ажырасу фактілері артып кете ме деп қорқамыз. Айналып келгенде жауапкершілік өз мойнымызда екенін ұғынуымыз керек. Кез келген қадамға бармас бұрын балаларыңыз бен отбасыңыздың жайын ойлағаныңыз жөн», - деді ол.
Психолог мұндай жағдайда ұрыс-керісті айналып өту оңай болмаса да, шекарадан шығып кетпеу керектігін ескертеді.