Карантин кезіндегі Ораза: Қандай сақтық шараларын ескеру керек

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова Рамазан айы кезінде коронавирус инфекциясын жұқтырып алмау үшін халыққа біршама кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«24 сәуірден бастап қасиетті Рамазан айы басталады. Осы ретте коронавирус инфекциясының ауа, тамшы арқылы таралатынын еске салғым келеді. Адаммен жақын байланыста болған уақытта, түшкіру немесе жөтелу, әңгімелесу кезінде, гигиенаны сақтамай вирус жұққан заттарды ұстағанда да коронавирус жұғуы мүмкін. Рамазан айында әдетте адамдар топтаса жиналып, бір-біріне қонаққа барады. Алайда биылғы жыл – өздеріңіз көріп отырғандай ерекшеленіп отыр. Себебі бәріміз де қазір індетке қарсы күресіп жатырмыз. Сол себепті Рамазан айында да бізге коронавирустың алдын алуға, жиналмауға тура келеді», - деді Айжан Есмағамбетова ОКҚ-да онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша халық арасында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін Денсаулық сақтау министрлігі өзара қарым-қатынасты азайтып, адамдардың жиналмауына, шақырған ауызашарға, мешітке бармауға кеңес береді.

«Ораза ұстаған кезде де абай болу керек. Мәселен жасы келіп қалған немесе ауруы бар азаматтар сақтанбаса коронавирус инфекциясының ауыр түрін жұқтырып алуы мүмкін. Ағзаға ақуыз бен майлар, витаминдер жеткілікті дәрежеде келмесе – иммунитеттің әлсіреуіне әкеп соғуы мүмкін. Артынша иммунитет әлсіреген кезде адам инфекцияны тез қабылдауы мүмкін. Сол себепті ораза ұстағысы келетін азаматтар тамақтың толыққанды рационын тұтынуы тиіс», - деді ол.

Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері бұдан бұрын айтып жүргеніндей азаматтарды үйде болуға, коронавирустың алдын алу ережесін сақтауға шақырды.