Карантин: Қостанай облысында төрт дәмхана түн ортасында жұмыс істеген

ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Өткен демалыс күндері Қостанай облысында 40 рет карантин тәртібі бұзылған. Бұл туралы облыстың Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі ақпарат таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қостанай облысында карантин тәртібін сақтау бойынша рейдтер жалғасуда. Тексеру кезінде Қостанай қаласында түнгі 23:00-ден кейін 2 дәмхананың жұмыс істегені анықталды. Мұндай ереже бұзушылық Меңдіқара ауданы мен Рудный қаласында да тіркелген.

«Құрамына жергілікті полиция қызметінің, сапаны бақылау комитетінің, қалалық және аудандық әкімдіктердің қызметкерлері кіретін мониторингтік топтардың бірлескен рейдтері барысында демалыс күндері облыс бойынша 363 қоғамдық тамақтану және ойын-сауық объектісі тексерілді. Жалға алынған коттеджде отбасылық іс-шараны өткізу фактісі анықталды. Барлығы карантиндік және эпидемияға қарсы талаптардың 40 бұзылуы тіркелді. Рудный, Қостанай және Сарыкөл аудандарында сатушылар мен аспазшылар арнайы қолғапсыз жұмыс істеген. Жоғарыда көрсетілген барлық ережебұзушылықтар бойынша материалдар процестік шешім қабылдау үшін қаралуда», делінген ведомство хабарламасында.

Рейд шаралары осы аптада да жалғасады.