Карантин: Қызылордада қоғамдық көліктер жүре бастайды

Фото: None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында 29 сәуірден бастап қоғамдық көліктер шектеулі уақытпен қайта қатынай бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінен мәлім еткендей, бұл – Қызылорда облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысы негізінде қабылданып отыр.

Атап айтқанда, облыс орталығында қоғамдық көліктер сағат 06.00-ден 09.00-ге дейін, 18.00-ден 20.00-ге дейін күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режиммен қатынайтын болады.

Сондай-ақ Қызылордада балаларға ересектердің ілесіп жүруімен ауладағы ойын алаңдарына сағат 06.00-ден 18.00-ге дейін шығуға рұқсат етілді. Дегенмен, 1,5 метрден кем емес ара-қашықтықты сақтау, медициналық бетперденің болуы міндетті.

65 жастан асқан адамдарға үй аумағынан қашыққа шығуға, саяжайға баруға тыйым салынған.

Штаттық режимде жұмыс жасайтын дәріханаларды қоспағанда, азық-түлік гипермаркеттері, оптомаркеттер, супермаркеттер, минимаркеттер, дүкендер, бірінші кезекте қажетті тауарларды (шаруашылық және гигиеналық тауарлар) сататын нысандар күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режиммен сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейтін болады.

65 жастан асқан адамдарды қоспағанда, жеке басын куәландыратын және саяжай учаскесіне меншік құқығын растайтын құжаттарды көрсете отырып, демалыс және мереке күндері сағат 06.00-ден 18.00-ге дейін саяжайларға барып-келуге рұқсат.

Қала және аудан әкімдігі белгілеген орындарда жеке және заңды тұлғаларға бетперделік режимді және әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып (1,5 метрден кем емес) күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режиммен тұқымдарды және көшеттерді сатумен айналысуға болады.

Мейрамханалардың, дәмханалардың, асханалардың және басқа да қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмысын «клиенттерге дейін жеткізу» қағидаты бойынша сағат 10.00 ден 22.00 дейін күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режиммен 2020 жылғы 11 мамыр, сағат 00.00-ге дейін рұқсат етіледі.

Естеріңізге сала кетелік, қазір Қызылорда облысында коронавирус диагнозымен 186 адам тіркелген. Оның ішінде 111 адам сырқатынан айықты.

фото: oldru.kyzylorda-news.kz