2 қаңтар түнде елорда полицейлері бірнеше нысанды аралады. Мысалы түнгі 02:32 кезінде «CABERA» мейрамханасы жұмыс істеп тұрған. Бұл мекеме бас мемлекеттік санитардың қаулысында көрсетілген талаптарды сақтамаған, сол үшін жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ осы түні сағат 00:57 шамасында «QUARTET» караоке клубында қонақтар көңіл көтеріп отырғаны анықталды. Караоке клубқа жиналған халықтың саны 30-дан асып кеткен, оның үстіне түн жарымында әлеуметтік арақашықтықты сақтамай қызмет көрсеткен.
Бүкіл материал қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жолданды.
Нұр-Сұлтан полицейлері 2 қаңтар түнде тағы «TEQUILA» және «PeiZdes» ресто-барына бас сұғып, тексеру жүргізді. Алғашқысында түннің бір уағында 70 адам сауық-сайран құрып отырса, екіншісінде 30-дан астам қонақ болған.
Екі мекемедегі карантин бұзу фактілері бойынша қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті шара қолданады.