Карантин режимі: Алматыда 50-ден астам көлік жүргізушісі жауапқа тартылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда 50-ден астам жүргізуші қалада мақсатсыз жүргені үшін жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық ПД мәліметінше, төтенше жағдайдың және санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуы үшін қаланың ішінде 41 тексеру бекеті ұйымдастырылған..

«Нәтижесінде, қалада жүруге рұқсаты жоқ 7485 көлік тіркелді. Қалада заңсыз жүріп-тұрғаны үшін 211 жүргізуші ұсталды, оның 51-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 160 жүргізушіге қатаң ескерту жасалды»,– деп хабарлайды қалалық ПД баспасөз қызметі.

Десекте, қазір қала көшелерінде көлік қозғалысы төмендеген.

«Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің автоматтандырылған ақпараттық жүйесі» аппараттық-бағдарламалық кешенінің көмегімен жүргізілген талдау бойынша қаланың негізгі көшелері бойымен көліктердің қозғалысы төмендегенін көрсетті. Сонымен, сағат 08.00-ден 09.00-ге дейін АШАЖ, Райымбек – Саин, Сейфуллин – Жансүгіров, Төле би – Розыбакиев барлық бағыттарда 4 398 көлік тіркелді. 11 наурызда аталған учаскелердегі көлік саны 19 546 бірлікті құраған болатын»,–деп хабарлайды ПД баспасөз қызметі.