Түркістан облысының полицейлері карантин талаптарының сақталып, оның орындалуы барысында қарқынды жұмыс жүргізуде.
Осындай кезекті жұмыс күнінде Сайрам АПБ-не Манкент ауылындағы тұрғынның бірі өз үйінде 50-ден астам азаматтарды жинап, келін түсіру тойын өткізіп жатқандығы туралы хабарлама келіп түсті.
Ақпарат алысымен аталмыш мекен-жайға аудандық полицейлер мен әкімдік қызметкерлерінен құрылған мобильдік топ тез арада жетіп, тексеру жұмыстарын жүргізді.
Нәтижесінде полицейлер ығы-жығы адам жиналған тойды тоқтатты. Карантин талаптарын сақтамай, өрескел құқық бұзғаны үшін той иесіне ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабына сәйкес «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарының, сондай-ақ гигиеналық нормативтердің бұзылуы» хаттама толтырылды.
Жинақталған ақпараттар шешім қабылдау үшін тиісті органға жіберілді. Ауданда осыған ұқсас тағы екі жайт тіркелді. Оның бірінде жергілікті тұрғын өз үйіне 20-дан астам адам жинап, келін түсірген. Ал келесі тұрғын 15-тен астам адам жинап, қыз ұзату тойын өткізген. Бұл екі жайтта да мобильдік топ шұғыл жетіп, адамдардың көптеп шоғырлануына жол бермей, той-жиындарды тоқтатқан.