Карантин шаралары дер кезінде енгізілді - Жабал Ерғалиев

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Президент пәрменімен осы бір карантиндік шектеу кезінде халықтың тұрмыс жағынан қиналып қалмауы үшін бар жағдай жасалды. Мұндай пікірді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Барлық қазақстандықтар өткен аптадан бері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесін асыға күткен болатын. Енді міне, сол мәлімде жарияланды! Байыппен зер сала, жедел танысып шықтым. Халықтың барлығы да солай жасаған болар. Өйткені, біз Президентіміздің осы мәлімдемесінен жақсы хабар, алдағы күндерде не істеу қажет деген пәрменді ұсыныстарды күттік және індетке қарсы күресте тағы да өзіміздің тіршілігіміз бен былайша айтқанда өз өмірімізді қалай ұйымдастырамыз деген ой қорытындысын жасауға да ынталы едік», - дейді Ж.Ерғалиев.

Сонымен қатар, ол қазір қазақстандықтардың індетке қарсы күресте Президенттің әр мәлімдемесін басшылыққа алатынын айтуда. Және де халық осы бір сындарлы да күрделі сәтте Президентті өздерінің сенімді бір қорғаны мен панасы есебінде сезініп отырғандығын алға тартуда.

«Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл жолғы мәлімдемесінде елімізде төтенше жағдай жарияланған 16 наурыздан бастап елімізде қандай істер атқарылғандығын айтты. Расында карантин жарияланғаны өте орынды болды! Өйтпегенде індет жаппай тарап, оның ақыры да дұрыс болмас еді. Карантин кезеңінің жұртшылыққа оңай тимегендігін де Президент біліп, соны өзі айтып отыр. Біз бұған түсіністікпен қараймыз. Ел басына күн тумас па, күн туған шақта басқа түскен істі «көппен көрген ұлы той» дейтін, бәріне де бекемденіп көнетін және де сабыр мен тәртіп сақтап бәрін де аман-сау жеңетін халықтың ұрпағы емес пе едік?! Және де Президент пәрменімен осы бір карантиндік шектеу кезінде халықтың тұрмыс жағынан қиналып қалмауы үшін бар жағдай жасалды, жасалып та жатқандығы елдің өз билігіне деген сенімін де нығайта түсті. Жалпы осы бір індетті кезең бәрімізді де ширатып, тіпті халық пен биліктің арасын жақындатып, бір-біріне бауыр басуларына ықпал етті ме деймін», - деп толықтырды Ж.Ерғалиев.

Ол атап өткендей, Президент өз мәлімдемесінде бүгінгі күнге дейін Қазақстан бойынша 4 миллион 250 мың азаматқа қаржылай көмек, 570 мыңнан астам адамға азық-түлік берілгендігін айтты. Жұмыстары тоқтап, күнкөрістерінің напақасын тауып отырғандар үйлерінде отырып қалғандардың әрқайсысына 42500 теңгеден берілуі халықты қуантып та, сенімдерін нығайтып тастағандығындығы белгілі.

«Мемлекет басшысы өз мәлімдемесінде сәуір-мамыр айларында 1,6 миллионнан астам адамға коммуналдық төлем көмегі көрсетілетіндігін айтты. Елімізде карантин жарияланған алғашқы күннен медицина қызметкерлеріне қолдау көрсетіп келеді. Расында індетпен күрестің алғы шебінде жүрген дәрігерлерге қосымша ақы төленуі адамдық еді. Дәрігерлердің ерлігі жырға арқау, әнге әуен болып шырқалып жатқаны да халықтың оларға деген зор ықыласы мен құрметі деген орынды. Сонымен бірге, шағын және орта бизнеске де қолдау жақсы екендігін Президентіміздің осы мәлімдемесінде анық айтылды. Мысалы 1,6 миллионнан астам, 11,5 мың бизнес өкілдеріне жалпы сомасы 360 миллиардтан астам теңгені құрап отырған өз несиелерін кейін төлеу мүмкіндігінің жасалуы да экономиканың негізгі бір буынының әлсіремей, нығая түсуіне оң әсер етері де анық.

Көктемгі дала жұмыстарын ойдағыдай өткізу үшін жасалып жатқан шаруа үшін шын қуанамын. Өйткені «көктемнің бір күні жылға азық» деген сөз бар. Азық түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жасалып жатқан осы қадам біздің еліміздің алдағы уақытта «нансыз» қалмауына әсер етері де анық!»,- деп қорытындылады Жабал Ерғалиев.