ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында жыл басынан бері карантин талаптарын бұзудың 325 дерегі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңірде жыл басынан бері 167 мониторингілік топ 9921 нысанға рейдтік тексеріс жүргізді. Нәтижесінде карантин талаптарын бұзудың 325 фактісі анықталған.
«Оның ішінде халыққа қызмет көрсету нысандарында 154 бұзушылық тіркелген. Ал үй жағдайында 119 мерекелік-көпшілік іс-шаралар өтсе, ұйымдасқан ұжымдарда карантин талабын бұзудың 52 дерегі анықталды. Олар бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабының 1-бөлігімен жалпы сомасы 23 686 037 теңгеге айыппұл салынды.
Вирустың таралуының алдын алу мақсатында барлық профилактикалық шараларды қатаң орындау қажет. Маска тағу, әлеуметтік арақашықтықты сақтау, қол гигиенасы, үй-жайларды желдету ұмыт қалмауы тиіс. Сақтық шараларына бей-жай қарамаңыз», - деп мәлім етті облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.