Карантин: Түркістан облысында бір аптада 4 млн теңгеге айыппұл салынды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат- Түркістан облысында жаңа жылдың алғашқы аптасында карантин режимін бұзушыларға 4 млн теңгеден астам айыппұл салынды. ҚазАқпарат бұл туралы Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ҚР Үкіметі жанындағы ведомствоаралық комиссияның ақпаратына сілтеме жасап хабарлайды.

Мәлім етілгендей, 1-7 қаңтар аралығында 104 мобильді топ карантиндік шектеу кезінде қызметіне рұқсат етілген объектілерге мониторинг жүргізген.

«Мобильді топтар бір апта ішінде 612 нысанды тексеріп, 83 айыппұл салды. Оның ішінде 82 жеке тұлғаға жалпы соммасы 3 587 910 теңге көлемінде және 1 жеке кәсіпкерге 335 455 теңге көлемінде айыппұл салынып, хаттамалар толтырылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 3 923 365 теңгені құрады», - делінген ақпаратта.

Бұл ретте, бұзушылықтардың басым бөлігі жеке тұлғалардың еншісінде, яғни бетперде тағу режимі жиі бұзылады. Ал заңды тұлғалар өзіне тиесілі нысанда келушілердің арасында әлеуметтік қашықтықтың сақталуын қадағаламайды.