«Шынын айтқанда, біз вирус әлем бойынша тез таралып, оқшаулануымызға тура келеді деп ойлаған жоқпыз. Бірақ әр нәрсенің қайыры бар. Үйде болған кезде өмір жолын ой елегінен өткізіп, қандайда бір жағдайға басқа қырынан қарау мүмкіндігі туады. Менің үш ұлым бар. Мен оларға жеткілікті көңіл бөле алмай жүрмін бе деп алаңдайтынмын. Бұрын балабақша – мектеп – жұмыс – репетиция деп үнемі асығып жүретінмін. Түскі ас, кешкі ас дайындап, балаларымның сабақ қарауына көмектесіп, әңгімелесуге уақыт табуым керек болатын. Ал кешке көрерменім күтіп отыратын. Қазір уақыт баяулап қалған сияқты әсерде жүрмін. Бәріне үлгеріп жатырмын», - дейді балерина.
Оның айтуынша, карантиннің алғашқы күндері өмір сүру ырғағы өзгеріп, режим бұзылып кеткен. Ол балаларына көбірек көңіл бөлгенімен, балетті де ұмытпаған екен. Әсел әріптестерімен бірге басшылардың тапсырмасын орындайды, бұрынғы дайындықтан ерекшелігі – әркім өз үйінде дайындалады.
«Арнайы дайындалатын орын, балетке арналған линолеум, айна және басқа да дайындыққа қажетті құралдарсыз жұмыс істеу оңай емес. Дегенмен біз карантин ерте ме-кеш пе аяқталып, сүйікті жұмысымызға қайтып оралатынымызды білеміз. Үй жағдайында дайындалмасақ – жұмысқа шыққан кезде қиын болатынын жақсы түсінеміз», - дейді ол.
Балерина таза ауада тыныстау мүмкіндігі бар екенін айтты.
«Біз жер үйде тұрамыз. Күнде таңертең 15 минут үйді айналып жүгіріп келемін. 14:00-ге қарай балетке дайындық басталады, сондай-ақ You Tube арқылы өзімнің жаттығуларымды орындаймын. Келесі күні де осылай қайталанады, бірақ кейбір жаттығу түрі Б.Князевтің балет гимнастикасымен алмастырылады. Бұл - қиын, бірақ балет әртістері үшін пайдалы гимнастика», - дейді ол.
Әсел Шәйкенова қалай тамақтанатыны туралы да айтып өтті.
«Арасында тамақтануға қатысты шыдай алмай қалған кезім болғаны рас. Мен ара-тұра ашығып тұруды жақсы көремін. Бұл дегеніміз 16 сағат тамақ ішпеу, одан ары 8 сағат ішінде әлдене жеп алуға болады. Тіскебасар ретінде болмаса, әдетте нан мүлде жемеймін», - дейді балерина.
Ол оқырмансыз кітап – кітап емес, тыңдармансыз музыка – музыка емес, ал көрерменсіз балерина – балерина емес екендігін айтты.
«Әртістер спектакльсіз өмір сүре алмайды. Өйткені біз өзіміз жақсы көретін іспен айналысамыз. Бұл – біздің өнер, біздің шығармашылығымыз. «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры спектакльдерді онлайн режимде көрсетуде. Жақында «Спартак» қойылымын көрсетті, ол жерде мен Эгина партиясын орындаймын. Бұл партия маған ұнайды, себебі ол қызық әрі техникалық тұрғыда күрделі. Бізді онлайн көрерменнің көп болғаны қуантты. Демек, біздің өнеріміз әлем көрермендеріне қызық. Жылы лебіз бен мадақ есту жақсы әсерге бөлейді», - дейді Әсел Шәкенова.
Балерина болу – оңай емес. Үздіксіз еңбек ету керек, сондай-ақ шыдамдылық, төзімділік, темір тәртіп сақтай білу керек.
«Таңдаған жол жүрегіңіздің қалауы ма екенін түсініп алу керек. Өзіңіз таңдаған саладан жаныңыз ләззат алса, барлық қиындық атаулы сіз үшін оңай болады. Өзіңе, арманыңа сене білу керек. Алға айқын мақсат қойып, оны іске асыру үшін батыл қадамдар жасай біліңіз. Ешкімге еліктемей, ешкімге ұқсамауға тырысыңыз. Әрине, балет әлемінде үлгі тұтарлық тұлғалар көп, бірақ біреуден асып түсуге ұмтылып немесе біреуден кем болып қалудан қорқудың қажеті жоқ. Ең бастысы – кешегі қалпыңнан бүгінгің жақсы болуы керек», - дейді ол.