Қарапайым тиін қалаға 300 мың доллар шығын әкелді

АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-тың Индиана штатына қарасты Форт-Уэйн қаласында қарапайым тиін салдары қатты дауылға не болмаса су тасқынына пара-пар материалдық шығын әкелді.

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, тиін әрекеті таяуда ғана күрделі жөндеуден өткен қоғамдық орталықтағы электр кернеуінің күрт артып кетуіне себеп болған. Ал одан келген шығынды жоюға шамамен 300 мың доллар қажет.

Билік мәліметтеріне қарағанда, кеміргіш абайсызда ағымдағы жылдың 7 маусымында күрделі жөндеуден кейін ашылуы тиіс ғимараттың электр жүйесі элементтерінің біріне кіріп кеткен. Соның салдарынан электр кернеуі күрт жоғарылап, жылу беру, жарықтандыру және желдеткіш жүйелеріне зақым келген. Ал мұндай жайттың орнын алуына себепкер тиін тоқ соғып, өліп қалды.

Зақымданған жабдықтар таяу арада ауыстырылатын болады. Дегенмен жөндеу жұмыстарына 4,5 млн. доллар кеткен орталық межеленген уақытында ашылады. Ғимаратта баскетбол, футбол алаңдары, сонымен қатар қала тұрғындарының көңіл көтеруіне арналған басқа да көптеген демалыс орындары бар.