Қарапайым жұмысшыдан бұрын кеңседе отырғандар жиі қысқартылады - «Болашақтың» түлегі Мамыраев

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстанның мемлекеттік-жекешелік орталығы» АҚ төрағасының орынбасары, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Ғалымбек Мамыраевтың ойынша, ел экономикасын жаңғырту шаралары аясында жұмысшы мамандықтардан бұрын кеңседе отырған қызметкерлерді қысқарту қаупі басым болып тұр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Меніңше, Қазақстанда жұмысшы мамандықтарға кез келген уақытта жұмыс табылады. Мысалы, жақында мен пойызбен жүріп келдім. Жолда 23 станса болды. Сонда байқағаным, темір жол стансаларында жұмыс істеп жүргендердің ішінде егде жастағы азаматтар көп. Енді, олар өмір бақи ол жұмысты істеп жүрмейді ғой. Бәрібір жас мамандармен алмастыратын кез келеді. Әрине, Қазақстан теміржолы осы жұмысты өз пайдасы үшін емес, мамандардың болашағы үшін істесе, құба-құп. Сондықтан жаңа және ескі жұмыс орындарын ескерсек, жұмысшы мамандықтарға сұраныс әлі де азаймайды», - деді Мамыраев Президенттің биылғы Жолдауын талқылауға арналған жиында.

Оның айтуынша, өндірістік процесстерді толығымен автоматтандыру үшін әлі де біраз уақыт қажет. Сондықтан қолдың еңбегіне сұраныс азаймайды. «Ал кеңседе отырғандар үшін ауыр болады. Мәселен, жақында біз «сарапшы» деген бір позицияны қысқартып тастадық. Неге? Себебі қазіргі кезде оның жұмысын арнайы бағдарлама жасап жатыр. Айына ол бағдарламаға 10-ақ доллар кетіп отыр. Сондықтан жұмысшылардан бұрын біз сияқты «ақ жағалы» қызметкерлер қысқартуға жиі ұшырайтын болады. Кеңседегі жұмыс бірте-бірте азаяды», - деп атап көрсетті «Болашақтың» түлегі.