«Әлемнің 167 елінде қызылша бойынша жағдай күрделеніп келеді. Елімізде осы жылы қызылшаның 17 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Оның 82 пайыздан астамы – балалар арасында. Оның ішінде вакцина алмаған балалар – 83 пайыз. Қызылша сырқаты барлық өңірде тіркелді. Жоғары деңгей Шымкент қаласында байқалады – 3 мыңнан астам жағдай. Алматы қаласы мен Жамбыл облысында – 2 мыңнан астам жағдай, Алматы, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Атырау облыстарында 1 мыңнан астам жағдай тіркелді», – деді ведомство басшысы.
Министрдің сөзінше, сырқаттану жағдайларының күрт артуы қыркүйек айынан басталған.
«Яғни оқу жылында ұйымдасқан ұжымдарда балалардың жиналуына байланысты байқалады. Салдарынан сырқаттану деңгейі екі есе көбейді. Қараша айында 6 мыңнан астам жағдай тіркелді», – деді Ажар Ғиният.
Бүгін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов қызылшаға қарсы вакцина алудан басқа жол жоқ екенін атап өтті.
Желтоқсан айында Қазақстанда 2-5 жастағы балаларды қызылшаға қарсы егу басталады.