Федерация өкілінің айтуынша, 24-26 қараша аралығында Алматы қаласында топтық эстетикалық гимнастикадан бірнеше ірі халықаралық турнир өтеді.
Атап айтсақ, Әлем чемпионаты, Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты және IFAGG Trophy 2023 турнирі, Төрт құрлық чемпионаты мен «Almaty Cup» халықаралық турнирі ұйымдастырылады.
Жарысты Топтық эстетикалық гимнастиканың халықаралық федерациясы (IFAGG) мен Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырып отыр.
«Жарыстар Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді. Спорттың бұл түрінен жылына бір рет болатын әлем чемпионатын Азия бойынша бірінші болып Алматы қабылдап отыр. Жарысқа әлемнің 15-тен атсам елдің ең мықты командалары қатысады. Яғни, елімізге 1500-ге жуық спортшы, жаттықтырушы, төреші келеді. Қазірдің өзінде түрлі елдердің командалары хабарласып жатыр. Олардың ішінде АҚШ спортшылары да бар. Билет алып, дайын отырғандарын айтты. Жарыс аясында ұзақ және қысқа бағдарламаларда, әртүрлі жас санаттарында және аралас командалар арасында 50 медаль жиынтығы сарапқа түседі», - деді Әйгерім Арпабаева орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Топтық эстетикалық гимнастиканы жанкүйерлері синхронды жүзудің құрлықтағы нұсқасы деп те атайды.
Қазылар топтың өнерін жаттығулардың қиындығы мен мінсіздігі, қойылымның мазмұны мен орындаушылардың әртістік қабілеті бойынша бағалайды.
Қазақстан топтық эстетикалық гимнастика федерациясы 2018 жылдан бері жұмыс істейді. Бұл федерацияның 13 өңірде бөлімшесі бар.
Республика бойынша аталған спорт түрімен 1500-ден астам спортшы айналысады.
Ұлттық құрама команда сапында 173 гимнаст бар. Оларды 86 жаттықтырушы мен хореограф баулып жүр.