Қарашада жұмыссыздық деңгейі 5,4 пайыз болды

АСТАНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Республика экономикасында 2011 жылғы қарашада (бағалау бойынша) 8,5 млн. адам жұмыспен қамтылды.

Өткен жылғы ұқсас кезеңге қарағанда олардың саны 347,2 мың адамға немесе 4,3 пайызға көбейді. Жалдамалы қызметкерлердің саны аталған кезеңде 5,7 млн. адамды құрады. Аталған көрсеткіш жұмыспен қамтылғандардың жалпы санынан 67,2 пайызына тең. Бұл туралы Статистика агенттігінен хабарланды.

Агенттік мәліметтеріне қарағанда, ағымдағы жылғы қарашада жұмыссыздар саны, бағалау бойынша, 482,8 мың адамды, жұмыссыздық деңгейі 5,4 пайызды құрады. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарында 2011 жылғы қараша айының соңына 82,6 мың адам ресми тіркелген. Тіркелген жұмыссыздар үлесі экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 0,9 пайызын құрады. Бұл көрсеткіш 2010 жылғы қарашада 0,6 пайызды құраған болатын. Сонымен қатар, 2011 жылғы қарашада бағалау бойынша жасырын жұмыссыздық деңгейі экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 0,4 пайызын құраған.