Қарашадан бастап Қазақстанда ИКАО стандарттарына сай келмейтін әуе кемелеріне тыйым салынады

АСТАНА. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат - Ұшулар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2012 жылғы 1 қарашадан бастап Қазақстанда ИКАО стандарттарына сай келмейтін әуе кемелерін пайдалануға тыйым салынады.

Бұл туралы бүгін Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA - International Air Transport Association) Орталық Азия мен Кавказ өңірінде қауіпсіз және тиімді әуе тасымалдарын қамтамасыз ету мәселелеріне арналған халықаралық форумда ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі Азат Бектұров  мәлім етті.

Оның айтуынша, аталған шара нәтижесінде Ан-24 және Як-40 ұшақтарының 20-дан астамы қолданыстан шығарылады. Сонымен қатар, ескі ұшақтарды алмастыру мақсатында қазақстандық әуе компаниялары батыста шығарылған әуе кемелерін сатып алуда. Мәселен, 2011 жылы 8 ұшақ сатып алынды, 2012-2013 жылдары Эйрбас, Боинг және Ембраер типтес 17 әуе кемесін сатып алу жоспарлануда.

ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі Азат Бектұров  өз сөзінде Форумның елімізде өткізілуінің ерекше маңызын атап көрсетті. Оның айтуынша, Қазақстанның авиациялық билігі ИАТА-мен ұшу қауіпсіздігін күшейтуде, әуе қызметтерінің сапасын жақсартуда, азаматтық авиация саласына жаңа бизнес-шешімдер мен жаңалықтарды енгізуде ынтымақтастықты одан әрі нығайтады.

Еске сала кетейік, халықаралық форумның мақсаты - Қазақстанның азаматтық авиация саласының өкілдері мен Форум қонақтары арасында тәжірибе, пікір және жаңа технологиялармен алмасу алаңын құру.