деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен.
Ведомствоның атап өтуінше, бүгінгі күні Қазақстан Республикасында құрамында кодеин бар 18 атаулы дәрі-дәрмек тіркелген. Мұндай дәрі-дәрмектердің 7 атауы бақылауда тұр, 11-і - бақылаудан алынған.
«Ағымдағы жылғы қараша айынан бастап құрамында кодеин бар Солпадеин, Юниспаз, Пенталгин-П, Антизпазм сияқты дәрілік құралдар тек рецепт бойынша босатылатын болады. Мұндай шараны қолдану себебі - бұл препараттарды теріс пайдалану жағдайлары жиілеп, «дәрілік нашақорлықтың» белең ала бастауы. Қазіргі кезде есірткіге тәуелді адамдар (әсіресе жастар) оларды белсенді қолданатын болған», - делінген хабарламада.
Солардың бірі дезоморфин немесе «Қолтырауын» бүгінгі күні Ресейде героиннен кейінгі кең таралған жасырын есірткі болып табылады (нарықтың төрттен бірінен астам бөлігін құрайды) және таралу көлемі күрт өсуде. Оның себебі - құрамында кодеин бар препараттардың қолжетімділігі болып отыр (көпшілігі рецепсіз сатылады). Үй жағдайында кодеинді дезоморфинге айналдыру реакциясын жасау қиын емес. Тиісінше, оңай қолжетімді, сондай-ақ артық көлемде пайдаланудан кісі өліміне соқтыратын аса қауіпті есірткіге айналып отыр.
Нарколог-мамандардың сараптамалары бойынша мұндай есірткі құралдарын пайдалану қалпына келмейтін аса ауыр салдарларға әкеледі. Ағзаның демде азуына әкеп соғады. Бұл дәрілік құралдарды ұзақ пайдалану күйзеліске, сандыраққа, өзіне қол жұмсауға апарады. Иммунитеттің төмендеуі терінің және ағзаның ішкі құрылысының іріңдеуіне, қанның жалпы зарарлануына әкеледі. АИТВ инфекциясын, гепатит жұқтыру тәуекелі артып, өлімге әкеп соқтырады. Құрамында кодеин бар дәрілерден жасалған есірткі құралдары адамды өзіне тез тәуелді етіп, одан арылу аса қиын соғады.
Соңғы кездері Қазақстанда қолдан бейберекет жасалған дезоморфинді қолдану жағдайлары жиілеп кетті. Ағымдағы жылдың басында Павлодар облысында аталған нәрсенің жасырын өндірісін жолға қойған Ресей азаматы ұсталды. Ескірткімен күрес басқармасының қызметкерлері бұл «зертхананың» қызметін тоқтатып, ұсталған шетел азаматы сотталды.
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі жыл сайын төрт кезеңнен тұратын кең ауқымды «Допинг» жедел алдын алу іс-шарасын өткізіп тұрады. Аталған іс-шара бақылаудағы есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорлардың контрабандалық жеткізілуін және шығарылуын, сонымен қатар олардың заңсыз айналымға түсу фактілерін анықтау және жолын кесуге бағытталады.
Ағымдағы жылы республика аумағында өткізілген «Допинг» оперативтік-профилактикалық операциясының 3 кезеңінде 336 дәріхана, 282 емдеу-профилактикалық мекеме, 216 өнеркәсіптік кәсіпорын тексерілді. Есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңды айналымы саласында 174 құқық бұзушылық жағдайы анықталды. 14 факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, 51 тұлға, оның ішінде 20 медициналық қызметкер, 31 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
2 мыңға жуық есірткіге қолданылатын дәрілік құралдар, 8 мыңдай таблетка (реланиум, фенобарбитал, релиум, нозепам и т.д.), 1630 психотропты заттар (морфин, метадол, фентантил т.б.) және 307 тонна прекурсорлар (тұз және күкірт қышқылы) заңсыз айналымнан шығарылды.
Бүгінгі таңда ҚР ІІМ есірткі бизнесімен күрес жөніндегі комитеті және ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті арасында бірлескен бұйрыққа қол қойылды. Мақсат - есірткі пайдалану, онымен байланысты құқық бұзушылықтардың және жиілеп кеткен құрамында кодеин, тропикамид бар дәрілік құралдарды теріс пайдалануға қарсы профилактикалық іс-шараларды қамтамасыз ету.
Осыған байланысты ҚР Ішкі істер және Денсаулық сақтау министрліктері жоғарыда аталған дәрілік құралдарды жіберу тәртібінің сақталуына қатысты бірлескен тексерістер жүргізетін болады.
Қазіргі уақытта Қазақстанда құрамында парацетамол, ибупрофен бар тіркеуден өткен және медициналық қолданылатын дәрілік құралдар саны жеткілікті. Тиісінше, құрамында кодеин бар дәрілік құралдарды тек дәрігердің рецептімен жіберу жөніндегі шешім Қазақстан Республикасы халқының, әсіресе өсіп келе жатқан жас буынның денсаулығын сақтау және қорғау мақсатында қабылданып отыр.