Қарашығанақ акционерлері газ өңдеу зауытын салуға Қазақстаннан қосымша $1 млрд талап еткен

Коллаж: Сanva

АСТАНА. KAZINFORM – Энергетика министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауапта Қарашығанақ кенішінде газ өңдеу зауытын салу бастамасы неге аяқсыз қалып бара жатқанын түсіндірді.

- Қарашығанақ кен орнының газ әлеуетін дамытып, елдің тауарлы газ қорын бекемдеу – стратегиялық маңызы бар шаруа.

Екі жыл бойы Қарашығанақ газ өңдеу зауытының жобасы бойынша тыңғылықты келіссөз жүргізілді. Оның жобалық қуаты жылына 4 млрд текше метр газ өңдейді деп жоспарланған болатын. Қазақстан ол жобаға жан-жақты қолдау көрсетіп бақты.

Алайда Қазақстан келіссөз қорытындысы бойынша акционерлер қойған шарттарды экономикалық тұрғыдан қабылдауға келмейді деп таныды. Оның ішінде Қарашығанақ газ өңдеу зауытын салуға кеткен шығынның 100 пайыз өтеміне қосымша 1 млрд АҚШ долларын төлеу шарты болды, - деп жазады министрлік мамандары.

Акционерлер бұл талапты айналдырған бірнеше жылдың ішінде зауытты салуға кеткен шығынды қайтару мүмкін емес деп түсіндірген. Өйткені Қазақстанмен арадағы өнім бөлісу келісімі 2037 жылы аяқталуға тиіс.

Қарашығанақ акционерлері аталған жобаны тәуелсіз трибуналда қаралып жатқан істі шешуге пайдаланбақ болғанға ұқсайды.

- Оның үстіне, акционерлер тарапынан қазір тәуелсіз трибунал аясында жүріп жатқан төрелік істі толық тоқтату талабы қойылды. Осыған байланысты Қарашығанақ жобасы бойынша өнім бөлісу туралы ақтық келісімнің аясында қолға алынған Қарашығанақ газ өңдеу жобасы жөніндегі келіссөз қазіргі таңда аяқталды. Дегенмен Қарашығанақ кенішінің газ әлеуеті туралы мәселе әлі де пысықталып жатыр, - делінген ресми жауапта.

Министрліктегілер бұл жобаны балама мердігерлер тарту арқылы іске асыру жолдары қарастырылып жатқанын айтады. Оның ішінде жобаны «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы арқылы алға жылжыту идеясы да бар.

- Қазақстанның Қарашығанақ жобасындағы серіктестерімен іскерлік байланысы бұрынғыдай және кеніште газ өңдеу зауытын салу жобасын жан-жақты зерделеп жатыр. Өйткені жоба Қазақстан үшін стратегиялық тұрғыдан маңызды, - деп жазады министрлік сарапшылары.

Айта кету керек, 2 маусымда Upstream Online халықаралық мұнай-газ басылымы Eni мен Shell компаниялары Қазақстандағы газ жобасын тоқтату туралы шешім қабылдағанын жазған болатын.