Қарашығанақта жаңа бұрғылау қондырғысы іске қосылды

АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа бұрғылау қондырғысы Қарашығанақтың өндірістік көрсеткішін арттырмақ, деп хабарлайды Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі.

Фото: Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті

Батыс Қазақстан облысындағы Қарашығанақ кен орнында өндірістік жұмыстар қарқынды жалғасып жатыр. Кен орнын игеру аясында № 9899 ұңғымасында жаңа № 249 бұрғылау қондырғысы іске қосылып, бұрғылау жұмыстары ресми түрде басталды. Аталған жоба өңірдің мұнай-газ саласын дамытуға, өндірістік әлеуетті арттыруға және қауіпсіз әрі тиімді технологияларды енгізуге бағытталған.

— Бұрғылау қондырғысын іске қосу барысында өндірістік қауіпсіздік талаптары мен техникалық регламенттердің сақталуына ерекше назар аударылды. Жаңа бұрғылау қондырғысы заманауи технологиялармен жабдықталған және жоғары өнімділік көрсеткіштеріне ие. Бұл өз кезегінде бұрғылау жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде орындауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қондырғыда еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған автоматтандырылған бақылау жүйелері қарастырылған, — делінген комитет хабарламасында.

Фото: Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті

Қарашығанақ кен орны еліміздің стратегиялық маңызы бар ірі мұнай-газ жобаларының бірі ретінде энергетика саласының тұрақты дамуына елеулі үлес қосып келеді. № 249 бұрғылау қондырғысының іске қосылуы өндірістік көрсеткіштердің артуына, жаңа қорларды игеруге және өңір экономикасының дамуына оң әсерін тигізеді деп күтіледі.

Бұған дейін Қазақстан Қарашығанақ газ өңдеу зауытын салу жұмысын жеделдетіп жатқанын жаздық.