Қарашығанақта жылына 5 млрд текше метр газ өңдейтін зауыт 2031 жылы іске қосылады

АСТАНА. KAZINFORM - Қарашығанақ кен орнында жылына 5 млрд текше метр шикі газ өңдейтін зауыт салу жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жобалау және құрылысқа дайындық жұмыстары жүргізілу үстінде. Ерте жер жұмыстарының басталуы 2027 жылға, ал кәсіпорынды пайдалануға беру 2031 жылға жоспарланған.

Фото: psa.kz

Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысында газ және жылу инфрақұрылымын дамытуға, сондай-ақ елді мекендерді газбен қамтуға бағытталған жобалар іске асырылып жатыр. Бұл туралы ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаровтың өңірге жұмыс сапары барысында мәлім болды.

Фото: ҚР Энергетика министрлігі

Вице-министр облыс тұрғындарымен кездесуінде газбен жабдықтауды дамыту, жылу желілерін жаңғырту және Қарашығанақ кен орнында жаңа газ өңдеу қуаттарын құру жобаларын таныстырды.

Батыс Қазақстан облысы еліміздегі газдандыру деңгейі ең жоғары өңірлердің қатарына кіреді. 2026 жылдың басындағы жағдай бойынша облыс халқының 99,7%-ы, яғни 694 мыңнан астам адам 372 елді мекенде табиғи газбен қамтамасыз етілген. Соған қарамастан, өңірде газ инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасып жатыр.

2026 жылы Ақжайық және Теректі аудандарының, сондай-ақ Бәйтерек ауданының елді мекендерін газбен қамтамасыз ету мақсатында «Ростоши – Тайпақ» газ құбыры құрылысының бірінші кезегін жалғастыруға республикалық бюджеттен 1,2 млрд теңге қарастырылған. Бұдан бөлек, Инфрақұрылымды дамыту қорынан облыстың газ және ілеспе инфрақұрылымын дамытуға бағытталған төрт жобаға 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.

-Өңірде газдандыру деңгейі жоғары болғанымен, инфрақұрылымды одан әрі дамыту өзектілігін жоғалтпайды. Тұрғындар үшін үйлердің газбен және жылумен сенімді қамтамасыз етілуі маңызды болса, кәсіпорындар үшін өндірістік қызметті тұрақты жоспарлау мүмкіндігі маңызды. Сондықтан желілерді жаңарту және газ өңдеу қуаттарын дамыту министрліктің облыстағы жұмысының басым бағыттары болып қала береді, – деп атап өтті ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров.

Өңірдегі маңызды бағыттардың бірі – Орал қаласының жылумен жабдықтау жүйесін жаңғырту. Биыл ТМ-2 жылу магистралін реконструкциялау жұмыстарын жалғастыруға республикалық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінді. Бұған дейін жобаны іске асыруды бастауға қажетті қаражат Үкімет резервінен бағытталған болатын.

Фото: ҚР Энергетика министрлігі

Сонымен қатар 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында Зачаганск кентіндегі №1 қазандықтан тартылған жылу желілерін реконструкциялауды бастауға 1,2 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. Бұл жобалар тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға жылу берудің сенімділігін арттыруға бағытталған.

Қарашығанақ кен орнында газды кері айдауға арналған алтыншы компрессор бойынша іске қосу-баптау жұмыстары да жалғасып жатыр. Аталған жабдық газ өндіру деңгейін қалыпты ұстап тұруға арналған. Қазіргі уақытта компрессор сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. Оны өнеркәсіптік пайдалануға көшіру 2026 жылғы қарашаға жоспарланған.

Жаңа газ өңдеу зауытын іске қосу ішкі нарыққа жеткізілетін тауарлық газ көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Фото: ҚР Энергетика министрлігі

Вице-министр өңірді мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жанар-жағармай жеткізу мәселелері жөнінде де ақпарат берді. Күзгі дала жұмыстарына Батыс Қазақстан облысы үшін 11,2 мың тонна дизель отыны қарастырылған. Материалдар дайындалған кездегі жағдай бойынша оның 7,7 мың тоннасы жөнелтілген. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жанармай жеткізу өтінімдерге сәйкес басым тәртіппен жүзеге асырылып жатыр.

Тұрғындармен кездесу аяқталғаннан кейін Ерлан Акбаров азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Облыс тұрғындары ауылдық елді мекендерді сапалы электрмен жабдықтау, жекелеген учаскелерді газдандыру және тарифтерді қалыптастыру мәселелерін көтерді. Келіп түскен барлық өтініш ҚР Энергетика министрлігінің бейінді қызметтері тарапынан одан әрі пысықтау үшін бақылауға алынды.

Осыған дейін Қашағандағы алғашқы газ өңдеу зауытын 2027 жылы іске қосу жоспарланғаны туралы жаздық.