Сонда мәліметте көрсетілген 135 мың тонна құс еті қайда? Осындай көлеммен Жамбыл облысы құс етінің индикаторын неге орындай алмаған?
Осы сұрақты облыстық мәслихаттың депутаттары сессияда нақты қойса да, облыс әкімінің өзі де, орынбасары да, тіпті ауылшаруашылығы басқармасының басшылары да бір-біріне сілтеп, 135 мың тонна құс етінің қайдан шыққанын сол күйі түсіндіріп бере алмады.
Ал осы кәсіпорынның ресми сайтында былай жазылған:
«Алель Агро» акционерлік қоғамы — бройлер құсын шығаратын және өткізетін Қазақстандағы ірі өндіріс компаниясы. Кәсіпорынның жыл сайынғы өндіріс қуаты — 60 мың тонна өнім».
Яғни, 135 мың тонна туралы мүлдем сөз жоқ. Қазақстан бойынша қуаты жылына 60 мың тонна екен. Ендеше Жамбыл облысы әкімінің баяндамасына 135 мың тонна құс еті қайдан еніп кетті, бұл мәліметті неге сүйеніп айтты және не үшін керек болды, ол жағы әрине, белгісіз.
Енді 25-қыркүйек күні өткен облыстық мәслихатының сессиясында Жамбыл облысы әкімінің баяндамасында «Алель-Агро» АҚ 4 млрд теңгеге инкубатор құрылысы бойынша 1 жобаны қолға алып жатқаны туралы мәлімет келтірілді.
Міне, осы аптада шынында Тараз қаласында «Алель Агро» АҚ Жамбыл филиалының өндірістік инкубаторы іске қосылды. Бірақ құны 4 миллиард емес, 2 миллиард 689 миллион теңгені құрайтын өндірістік инкубатор заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған.
Жылына 38 миллионға жуық балапан шығаруға қауқарлы өндіріс орны 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Сондай-ақ инкубаторға қажет шикізаттар компанияның өз өндірісі арқылы жүзеге асырылады.
Ал өнімді негізгі өткізу көздері — «Алель Агро» АҚ-ның меншігіндегі құс фабрикалары мен фермерлік қожалықтары.
Әрине, «Алель Агро» АҚ — еліміздегі іргелі және табысы күн сайын артып келе жатқан кәсіпорындардың бірі. Тек жамбылдық шенеуніктерге тып-тыныш қана тірлігін істеп жүрген «Алель Агро» АҚ-ның көрсеткіштерін тым асыра көрсету не үшін керек болғаны түсініксіз.
135 мың тонна құс етінің дерегі сол күйі табылмады, ал, облыс әкімі айтқандай осы 25,6 млрд. теңге тұратын жоба бойынша 100 адам жұмысқа тұрды ма, жоқ па, оны да әрине, дәлелдеу қиын.
Айта кетсек, бұған дейін Қазақстан аймақтарында құс етінің бағасы қанша екенін жазған болатынбыз.