Қарашығанақты дамыту тұжырымдамасы оңтайландыруды қажет етеді - министр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарашығанақ кен орнын одан әрі дамыту жөніндегі тұжырымдама оңтайландыруды қажет етеді. Бүгін жанар-жағармай кешені мен экология жөніндегі қоғамдық кеңестің есеп беру кездесуінде Энергетика министрі Қанат Бозымбаев осылай деді.

«2015 жылы Қарашығанақтан 11,9 млн тонна мұнай өндірілді. Бұл 2015 жылғы жоспардың 95 пайызын құрайды. Шығарылған газ көлемі - 18,2 млрд текшеметрді құрады, бұл жоспардың 105 пайызы. Мұнайды тұрақты түрде өндіретін кезеңді ұзарту үшін Қарашығанақты дамыту тұжырымдамасы қарастырылып отыр. Мердігерлермен бірге осы тұжырымдаманы оңтайланлдыру мәселесі қаралуда. Басты мақсат - елдің табысын арттыру», - деген Қ.Бозымбаев қазір күн тәртібіндегі маңызды мәселе - шығындарды азайту екенін атап өтті.

«Шығынды азайтып, алатын өнім көлемін арттырсақ, республика үшін дұрысы сол болмақ. Сондықтан, шығындарды оңтайландырып, барынша көп өнім алу - біздің міндет. Қарашығанақты кеңейту жөніндегі нақты шешім 2017 жылға жоспарланып отыр. Жаңа нысандар 2022 жылы пайдалануға беріледі», - деді Қ.Бозымбаев.